Елбасы Шымкенттегі кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті

612

Бүгін Шымкентке ресми жұмыс сапарымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Елбасы шаһардағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, ондағы тіршілікпен танысты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажетті бұйымдар шығаратын «AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.

Отандық өндірісті өрлетуді негізгі талап қылған Елбасы «AZALA Textile» кәсіпорнына арнайы ат басын бұрды. Мұнда мақта егінінен бастап оны өсіру мен өңдеуден бөлек, шикізаттан дайын бұйымдар жасайтын өндірістің барысын байқады. Президент алып кәсіпорында толықтай әзірленіп шығатын тұрмысқа қажетті тауарлармен танысты. Елбасы мұндағы еңбеккерлермен ерекше сәлемдесті. Тігіншілердің тірлігін байқап, олармен жағдай сұрасты.

Айта кету керек, Шымкенттен бой көтерген алып зауыттың өндірістік қуаты жылына 2800 тоннадан астам иірілген жіп, 13 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын тысы жиынтығы мен 7 млн түкті өнім шығаруға жетеді.

Бүгінде облыста өсірілген шитті мақтаның 35 пайызын жергілікті тігін фабрикалары өңдеуде. Осы саладағы алпауыт кәсіпорындарың бірі осы «Азала текстиль» саналады. Мұнда қазір тірлік тиянақталып, тауар өндіру артып, тіпті, шетелден де сұраныс түсуде.

Айжамал Асқарованың осында еңбек етіп жүргеніне жылдан асыпты. Бұрынғы мұғалім қазір әзірленіп жатқан тауарлардың сапасын бақылап отырады. Тігісі жатық болмаған бұйымдарды байқап отыру – негізгі шаруасы. Ал осы еңбегі үшін кәсіпорыннан тұтынушы ретінде тауарларды жеңілдікпен сатып алады екен.

Қазір кәсіпорын басшылығы тірлігіміз жанданып келеді дейді. Өндірісті өрлету үшін несиеге алған 6,5 млрд теңгенің қайтарымы қиын болмайтынына сенімді. Мемлекет басшысы да мұндай мәнді істің ілгерілеуіне тілектестік білдірді.