Шымкентте жұмыссыздардың қатары 6500 адамға азайды

578

Жыл басынан бері шымкенттік жұмыссыздардың қатары 6500-ге кеміді. Олардың 1300-і жастар. Бұл жөнінде Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылығы мәлімдеді. Қоғамды жауыр еткен мәселенің шешілу жолы және жастар үшін жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламаның мол мүмкіндіктері бар.

Ақмарал Асанова
Ақмарал Асанова

Ақмарал Асанованың жасы – 21-де. Қолына жоғарғы оқу орнын бітіргені туралы дипломын алғанына жыл толды. Жас маманның айтуынша, бұған дейін жұмыс іздеп сан-саққа сабылғанымен, еш нәтиже шықпапты. Енді «Жастар практикасының» көмегіне жүгініп отыр.

Ақмарал Асанова, жас маман: «Мен жоғарғы оқу орнын құқықтану мамандығы бойынша аяқтадым, 12 ай бойы жұмыс іздедім, бірақ таппадым. Сосын жекеменшік дүкендерде сатушы болып жұмыс жасадым. Қазір Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту» орталығына келіп, құжаттарымды тапсырдым, мені өз мамандығым бойынша жұмысқа жолдап отыр. Енді алдағы уақыттарда сол мекемеде өзімді жақсы қырымнан танытып, қызметке қаламын деген сенім мол».

Бүгінде халықты жұмыспен қамтуды үйлестіруші мекемеге жүгінген арнаулы және жоғарғы оқу орнын тәмамдаған 1300 түлек өз мамандығы бойынша жұмысқа жолданыпты. Әлі жоспар бойынша, 700 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасына қатыса алады. 6 ай бойы қызмет істеп, тәлім алған олардың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде жергілікті 252 кәсіпорын 2600 еңбеккер іздеп, өтініш білдіріпті.

Асылжан Жамалбеков,
Асылжан Жамалбеков

Асылжан Жамалбеков, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры: «Жастар практикасына» қатысушылар үшін арнайы талап та бар: оқу орнынан дипломын алғанына 3 жылдан аспауы керек, өз мамандығы бойынша бұған дейін қызмет атқармауы және үміткердің жасы –  18-29  аралығында болуы қажет. Сондай-ақ, маман міндетті түрде Шымкент қаласының тұрғыны ретінде тіркелуі маңызды. Ал сұраныс көбіне мұғалім, заңгер, мал дәрігері сынды мамандықтарға түсіп жатыр. «Жастар практикасы» бойынша тағайындалатын жалақыда биыл ешқандай өзгеріс жоқ – 37 мың теңге».

«Жастар практикасына» құжат қабылдау науқаны әлі де жалғасып жатыр. Қалалық «Халықты жұмыспен қамту» орталығы мамандарының мәліметінше, оқу орнын аяқтағанына 3 жыл толмаған кез келген жас талапкер, мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көре алады. Айта өтетін ақпар, өткен жылы осы бағдарлама аясында жергілікті мекемелерге жолданған 653 маманның, бүгінде 522-сі тұрақты жұмыс тауыпты. Ал еңбек ету үшін орталыққа кезекте тұрғандардың қатары әзірге 2000 адамға жуық.