Билікке әйелдерді көптеп тарту – кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың негізі

258
Билікке әйелдерді көптеп тарту - кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың негізі

Бүгін Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Астана қаласындағы ЕҰҚК орталығымен бірлесіп, Шымкент қаласында «Саясаттағы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің принциптері» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды. Жиынға ұлттық комиссия төрағасының орынбасарлары Елена Тарасенко, ұлттық сайлау комиссиясының мүшесі Ляззат Сүлеймен мен жергілікті гендерлік комиссия мүшелері қатысты.

Билікке әйелдерді көптеп тарту - кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың негізі

Семинарды ашқан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков семинар-тренингке қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірімізде гендерлік саясат жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Әлеуметтік саясатты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыстарын жетілдіруде гендерлік аспектілерді қолданудың кешенді тәсілдерін үйретуді мақсат тұтқан шарада халықаралық тәуелсіз сарапшылар мен кеңесшілер тренер қызметін атқарды.

Билікке әйелдерді көптеп тарту - кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың негізі

Өз кезегінде Елена Тарасенко Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспары тапсырмасын орындау мақсатында кең ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанына тоқталып, саяси құжаттағы міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметті қайта қалыптастыру мақсатында қоғамдық-саяси және экономикалық салаларға әйел азаматтарын барынша тарту қажеттігін жеткізді.

Айта өтейік, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат принциптері негізінде құрылған мемлекеттік қызметте әйелдер белсенді еңбек етуде. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігін, яғни, 55 пайызын әйел азаматтары қамтыса, Оңтүстік Қазақстан облысының өкілетті билік органдарында нәзік жандылардың үлесі 5,2 пайызды құрайды.

Бұдан соң ұлттық комиссия басшылары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесіп, әйелдердің жұмыспен қамтылу, жаңа мүмкіндіктер жағдайында әйелдерді экономикалық және саяси ілгерілету мәселелері туралы, кәмелетке толмаған қыздардың әдеп ұстанымы және отбасылық-демографиялық саясат мәселелері бойынша мүдделі органдардың қарым-қатынастары сияқты тұстарды талдап өтпек. Жұмыс сапары аясында комиссия басшылары облыстық балалар ауруханасы мен әйелдерге арналған әлеуметтік нысандарды аралайды деп күтілуде.