Биыл Оңтүстікте жаз аптап ыстық болады

671

Шымкентте шіліңгір шілде шықпай жатып-ақ аптап ыстық алқымнан алды. Бұл жергілікті жұрт үшін қиынға соғып отыр. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен жандарға ауыр салмақ. Қалың қауым қазір тал түстегі ыстықтан көшеге шықпақ түгілі жол жүруден қалған.

Аптап ыстықтың келгеніне әлі ай толған жоқ, ал ми қайнатар ауа райы жұртшылықты мезі етіп үлгерді. Мұны қаламыздағы Қошқар ата өзенінің қазіргі көрінісіне қарап-ақ байқауға болады. Жас пен жасамысы аралас мыңдаған жерлесіміз салқын суға түсіп, көлеңке іздеп, демалыс аймағын паналап жүр.

Марлен Мақсатжан, қала тұрғыны: «Күн ыстық қой, сондықтан достарыммен суға түсуге келдік. Су жылы, бір серпіліп қалдық, 1 аптадан асты – осында келіп, ыстықтан қорғанып жүрміз».

Асылжан Битеміров
Асылжан Битеміров

Асылжан Битеміров, қала тұрғыны: «Мен кішкентай 6 айлық балам және 5 жасар қызыммен 15 күннен бері Қошқар атаға келіп жүрміз. Көлеңкені саялап, балаларыммен суға түсемін. Көп қабатты үйде пәтерде тұрғандықтан, іште ауа жоқ, үйге сыймай кетеміз. Бөпеміз кішкентай ғой, үйде жылап, мазасы қашады. Қазір мұнда бәрі жақсы, бала-шағам да үйреніп қалды».

Мұндағы демалыс аймағының тыныштығын бүгінде Қошқар ата бұлақ қорының өкілдері бақылайды. Қадағалаушы топтың айтуынша, күнде өзенге келіп, ыстықтан арылып, жанына шипа іздеушілер саны 10 мыңға жетіп жығылады.

Маратжан Есенбеков
Маратжан Есенбеков

Маратжан Есенбеков, «Қошқар ата бұлағы» қоры төрағасының орынбасары: «Келген адамдардың көбі қоқыс тастайды, ластайды. Ескерткен күннің өзінде тыйым салынған аумаққа барып шомылады. Қазір мұны бақылап, түсіндіріп жатырмыз. Сондай-ақ, дендрологиялық баққа қарасты өзен жағалайын тазалаушы мамандар мен күзетшілер қарап, тазалап келеді».

Есімі елге таныс жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайдың айтуынша, өңіріміздегі аптап ыстық әлі жалғасады. Бұған биыл күнгейге көктемнің ерте келуі сеп болған.

Нұрғабыл Қозыбай, ауа райын болжаушы: «Маусым айының 19-20-21-і күндері күн қатты ысиды. Биыл жалпы жаңбыр жылы болғандықтан, осы айдың 13-15-і күндері аздап жаңбыр жауады. Және 22-25-і күндері кей жерлерде өткінші жаңбыр жауады деп күтілуде. Шілде айында да қатты ыстық болады. Өліара кезеңде аздап жаңбыр жауады, бұған қарамай аптап ыстық тамыздың 20-на дейін жалғасады».

Ал «Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, маусымдағы ми қайнатар ыстық алдағы шілдеге ұласады. Арасында аз-кем жаңбыр жауғанымен, 39-45 градустан да жоғары ауа райы күтіп тұр.