Шымкент әкімі: «Оқушылар үшін жаңа автобустар сатып аламыз»

499

Зейнеткерлер мен мүгедектер сауықтыру орталықтарында тегін демалады. Ал қаланың шет аудандарындағы оқушылар мектепке тегін тасымалданады. Олар автобустан таршылық көрмесін деп қалалық қазынадан қыруар қаржы бөлінді. Бұл ұсыныстарды қолдаған халық қалаулылары 2016-2018 жылдарға арналған қала бюджетіне өзгерістер енгізіп, бөлінген теңгені тиімді жұмсаудың жолдарын саралап берді.

Шымкент қаласының бюджетіне кезекті рет өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде қала қазынасындағы қаржы 107 миллиард  722 миллион теңгеге ұлғайды. Қомақты қаржы биыл және алдағы екі жылда жұмсалады. Басымдық білім, әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылым тарту және құрылыс саласына берілген.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары: «Инженерлік-коммуникациялы инфрақұрылым құрылысына, «Жұмыспен қамту -2020″ бағдарламасын жүзеге асыруға 225 миллион теңге қаралып отыр. Оның ішінде 221 миллион теңгеге жатақхана салынады. Сондай-ақ, жылу және сумен қамту жұмыстарына – 150 миллион,  сумен жабдықтауға – 30 миллион теңге, көріктендіру жұмыстарына 10 миллион теңге бөлінген. Ал инфрақұрылым дамытуға 249 миллион теңге қысқарды. Себебі бұл нысандар өтпелі болып отыр».

Бір қуантарлығы, сессияда оқушыларды тасымалдау қаржысы қысқармады. Қайта жаңа автобустар сатып алынатын болып шешілді. Осылайша, жолда құрбан болатын балалардың санын қысқартып, оқыс оқиғаның алдын алу мәселері мақұлданды. Қала әкімі жол апатынан мерт болатын балалардың саны жыл сайын жаға ұстатып келгенін алға тартып, қауіпсіздік шарасын қатаңдатуды қолдаған депутаттарға алғысын білдірді.

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Балаларды тасымалдау мақсатында автобустар сатып алуға 34 миллион теңге қарастырылып отыр. Біз 19 автобус сатып алатын боламыз. Әсіресе, қаланың шет аудандарындағы балалар жаяу емес, автобуспен қатынайтын болады».

Биыл «Шымкент сити»шағынауданында орталық саябақ салынады екен. Қазіргі таңда жол төселіп, инфрақұрылым тартылып жатыр. Ал тамыз айының соңында 15 үйдің құрылысы басталады. Бұл – бұйыртса қалалықтар алдағы екі-үш жылда баспанамен қамтылады деген сөз.