«Like Moskow» түнгі клубындағы қылмысқа қатысты сот шешімі шықты

«Like Moskow» түнгі клубындағы қылмысқа қатысты сот шешімі шықты

Шымкенттегі «Like Moskow» түнгі клубында төбелес шығып, соңы адам өлімімен аяқталған іске нүкте қойылды. Сот шешімі бойынша 24 жастағы Нағашәлі Әлпейісов адам өліміне кінәлі деп танылды.

«Like Moskow» түнгі клубындағы қылмысқа қатысты сот шешімі шықты

Істі қараған прокурорлар айыпталушыны адам өлтіргені үшін 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Алайда судья оның өзіне тағылған айыпты мойындағанын ескеріп, жазаны жеңілдетті. Ал бұзақылық жасады деп айыпталған 26 жастағы екінші сотталушы Шыңғыс Бабаев толық ақталып шықты.

Самидин Темірәлиев, Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмысты істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сот үкімі бойынша Нағашәлі Әлпейісов 9 жылға бас бостандығынан айрылсын. Оған жазаны жаппай режимдегі түзеу мекемесінде өтеу белгіленсін. Ал Шыңғыс Бабаев тағылған айып толық дәлелденбегендіктен, ақталсын».

Айта өтейік, 2015 жылдың шілдесінде «Москва» түнгі клубының жанында жаппай төбелес орын алған болатын. Соның салдарынан 21 жастағы тұрғын Ильхам Алиев қайтыс болды. Бейнебақылау камерасының көмегімен іске қатысы барлар ұсталды.

Сонымен қатар оқиға орнында 1 полиция қызметкері мен 1 судья да болған. Екі жақ тарап өзара келісімге келіп, құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты барлық айыптар тоқтатылған. Олар сотта тек куәгер ретінде шақырылып, қызметтерінен алыстатылған. Сот үкімі әлі өз күшіне енген жоқ.