Тамыздың екінші жексенбісі – құрылысшылар күні

1041
Тамыздың екінші жексенбісі - құрылысшылар күні

Тамыздың екінші жексенбісі – құрылысшылар күні. Осыған орай Шымкенттегі көрме орталығында мерекелік шара өтті. Оның аясында жергілікті кәсіпорындарда өндірілетін құрылыс материалдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Тамыздың екінші жексенбісі - құрылысшылар күні

Әріптестікке жол ашатын бұл шарада кәсіпкерлер өз тауарларын ұсынуға мүмкіндік алды. Көрмеге 50 кәсіпорын қатысып өз өнімдерін ұсынды. Құрылыс материалдарын шығаратын жергілікті 90-ға жуық кәсіпорынның жыл басынан бері 22,5 млрд теңгенің өнімін өндіргенін сала мамандары мақтана айтады.

Отандық нарықты қамтып, сыртқа тауар тасымалдайтын 4 кәсіпорын да бүгінде ісін дөңгелетіп отыр. Олар осы уақыт аралығында 1 млн АҚШ долларына тауар жөнелтіпті.

Тамыздың екінші жексенбісі - құрылысшылар күні

Сондай-ақ, көрмеге жоба авторлары да қатысты. Бекбатыр Айменов қос бірдей жобасын таныстырып берді. «Аспа жол» деп аталатын бір сызбасы қаладағы кептелісті болдырмауда маңызды. Автордың айтуынша, күн энергиясымен жұмыс істейтін бұл жолды, тіпті, екі қабатты етіп салуға да болады.

Тамыздың екінші жексенбісі - құрылысшылар күні

Ал шеңбер үйдің сұлбасы «Болашақ қала» жобасы деп аталады. Физика саласының маманы бұл пішіндегі үйлер бағасы жағынан екі есе арзан түсетін айтады. Күн энергиясынан қуат алатын қондырғымен қамтылатын бұл кешендерде мектеп пен автотұрақ та қарастырылған. Онда тұрғындар тіпті жылыжай егумен де айналысады.

Атаулы күн қарсаңында саланың үздіктері де ескерусіз қалмады. Құрметті құрылысшылар мен атаулы номинация иегерлері салтанатты жағдайда марапатталды.

«Құрметті құрылысшы» омырау белгісі Қуанышбек Елтаевқа бұйырды. Ардагер құрылысшы қоғамның логомотивіне айналған бұл саланың кешегісі мен бүгінін бағамдап, бағасын берді.

Айта кетейік, бүгінде жергілікті кәсіпорындар облыста жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қажетті материалдың 80 пайызын қамтып отыр. Бизнес өкілдері қазір өзге де өңірлерден тапсырыс алып, әріптестікке жол ашпақ.