Бүгін Түркістандағы №4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жағдайға қатысты ақпарат порталдарында шыққан сын мақала бойынша жүргізілген тексерудің қорытындысы жарияланды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан құрылған арнайы топ жұмыс істеп, аталған мекеме жайлы суреттердегі фактілер расталмаған.
Тексерушілер бұл мақала біреудің ықпал етуімен қасақана ұйымдастырылған деген қорытындыға келіпті. Емделушілердің қолданыстағы нормаларға сәйкес тамақтанатыны анықталып, мекемеде туберкулездің ашық түрімен ауыратындардың бірге жататыны дәлелін таппапты.
Дегенмен, жүйке жүйесі дертіне шалдыққандарға медициналық қызмет көрсету мен құжат толтырудағы кемшіліктер анықталып отыр.
Анықталған осы кемшіліктерден соң жүйке жүйесі дерті диспансерінің директоры жұмысынан қуылып, оған 70 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл кесілді. Дәрігер-психиатр да 10 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болды. Бір қызметкер лауазымынан босатылып, тағы бірі қызметте төмендетілді. Бұған қоса диспансердің 17 қызметкеріне қатысты әкімшілік және қызметтік шаралар көрілді.