Леңгірдегі су жүйесін қабылдағандар жауапқа тартылады

322
Леңгірдегі су жүйесін қабылдағандар жауапқа тартылады

Төлеби ауданының әкімі Бұхарбай Парманов БАҚ өкілдеріне ауданның 25 жылда жеткен жетістіктері мен алдағы жылдары атқарылатын жұмыстар жайлы баяндады. Соңғы бес жылда аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелердің жалпы 748 шақырым жолдардың 1/3 бөлігі орташа дәрежеде жөнделіпті. Аудандағы тозығы жеткен ішкі көшелердің жолдарын жаңалауға тағы 5 млрд теңге қажет.

Леңгірдегі су жүйесін қабылдағандар жауапқа тартылады

Аудандағы елдімекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту – басты назарда дейді Бұхарбай Парманов. 55 елдімекеннің 36-ы бүгінде табиғи газбен қамтылған. Төлеби ауданында 51 елдімекенге ауыз су жүйесі тартылып, халықтың 93,7 пайызында таза су бар. Дегенмен, бұл сала да проблемасыз емес. Журналистермен кездесуде Леңгір қаласындағы құрылысы 6 жылға созылған су жүйесіндегі кемшіліктер де айтылды.

Бұхарбай Парманов, Төлеби ауданының әкімі: «Ия, бұл – үлкен құрылыс болды, алты жылға созылды. Нысанның құрылысына 4,2 млрд теңге жұмсалды. Пайдалануға 2015 жылы берілді. Алайда мердігер компания – «Шымкентгазмонтаж» әлі күнге дейін кемшіліктерді өз есебінен ретке келтіруде. Леңгірге су 8 шақырымдағы Көктеректегі су қоймасынан келеді. Қазір осында тазарту қондырғыларын орнаттық. Құбырдан лай су аққанын жасырмаймыз. Қазір халықтың сапалы су пайдалануына қолдан келген барлық амалды жасаудамыз».

Брифингте білім саласына тоқталған әкім тәуелсіздік жылдары ауданда 29 жаңа білім ғимараты салынғанын атап өтті. Аудандағы 68 мектептің 53-і күрделі жөнделген. Биыл тендердің кеш өткізілуіне байланысты кейбір білім ошақтарында құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылында басталып, оқушылар өзге, ыңғайластырылған ғимараттарда дәріс алуға мәжбүр болды.

Бұхарбай Парманов, Төлеби ауданының әкімі: «Тәжібаев атындағы мектеп 20 желтоқсанда пайдалануға беріледі. Қалған мектептерде де жұмыс жүргізілуде. Құрылыстың сапасын қадағалауымызға алғанбыз.»

Ал осыдан алты жыл бұрын Көксәйек елдімекеніндегі аудандық аурухана мен емхана толығымен күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Леңгірдің өзінде 200 адамды қабылдайтын емхана мен 150 орынды аудандық орталық аурухана қолданысқа енді. Бірақ, барлығы бірдей жақсы болып кеткен жоқ. Кемшіліктер де жоқ емес.

Бұхарбай Парманов, Төлеби ауданының әкімі: «Талан-тараж болған жылу жүйелерін қайта орнына қойдырдық. Қазір оны мемлекет меншігіне өткізудеміз.»

Бұхарбай Пармановтың бұл ауданның тізгінін қолына алғанына көп болған жоқ. Сондықтан ауданда жасалатын тірлік те, шешімін күттірмейтін мәселелердің қай тұста екенін түгелдей біледі деу қиын. Аймақта қай салаға баса көңіл бөлу керегін Төле би ауданына арнайы жұмыс сапарымен барған облыс басшысы жіпке тізгендей айтып, тапсырманы жүктеп қайтқан.