Ауыз судың түсі өзгеруі – құбыр ауыстырғаннан

724
Құбыр ауыстырылып, ауыз судың түсі өзгерді

Ауыз судың сапасы өзгерді. Тап осылай дабыл қаққан Шымкенттегі Түркістан көшесі тұрғындарының айтуынша, бірнеше ондаған жыл бойы қолданылып келген құбырлар жаңартылған. Көпшілік жаңа құбырдан аққан судың түсі өзгергеніне алаңдаушылық танытты.

Құбыр ауыстырылып, ауыз судың түсі өзгерді

Негізі, бұл көшедегі ауызсу құбырлары кеңес кезінен жаңартылмаған. Тұрғындарға сапалы су беруді көздеген «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесі көлемі 40 мм құбырдың орнына 50 мм жаңа құбыр төсеген. Құрылыс жұмысы аяқталысымен құбырдан аққан судың түсі өзгерді дейді көпшілік.

Сала мамандарының айтуынша, су түсінің өзгеруі – уақытша құбылыс. Құбыр іші шайылысымен ауызсудың сапасы да, түсі де қалпына келеді. Бүгін таңертеңнен осы көше бойында су саласының 5 бригадасы жұмыс атқарыпты.

«Су ресурсы-Маркетингі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы уақытша келтірілген ыңғайсыздық үшін кешірім сұрады. Ал тұрғындар ақау шұғыл жойылса болды дейді.

Нұрлан Жаңабай