Шымкентте ломбардқа сәтсіз шабуыл жасалды

277
Шымкентте ломбардқа сәтсіз шабуыл жасалды

Бүгін Шымкентте ломбард тонағысы келген жігіттің ойы іске аспады. Ломбарттағы алтын бұйымдар, қарапайым азаматтардың қуанышына орай, қолды болмады. Осылай деген қаржы компаниясының басшылары клиенттерін сабырға шақырады. Ал күдіктіні іздеу жалғасуда.

Шымкентте ломбардқа сәтсіз шабуыл жасалды

Таңғы сағат 9:35-те қаладағы ломбардтардың бірінің қызметкеріне белгісіз тұлға оқ жарақатын салғаны туралы хабарлама түсті. Мұнда бетперде киген жігіт қолына шолақ мылтық алып, баса-көптеп кірген. Бұл кезде ломбартта 4 адам болған, оның бірі – күзетші. У-шу шыққан кезде қарақшы кассир қыздың біріне қарудан оқ атып жібереді.

Жәбірленуші алған жарақатымен Шымкент қалалық ауруханасына жеткізіліп, сонда ота жасалған. Бұл кассир қызға компания басшылары барлық қажетті көмек көрсетіледі деп отыр. Осы суыт хабарды естіген ломбардтың клиенттері жиі қоңырау шалып, мән-жайды сұрастырған. Дегенмен, қарақшының ойы іске аспағанын компания өкілдері де растап отыр. Олар ломбард клиенттерінің мүлкі сақталып тұр дейді. Ал жұртты шулатып кеткен қылмысты ашуға көмектестен жандарға ломбард басшылары арнайы сыақы қарастырамыз деп жария етті.

Қазір полицейлер аталған жайт бойынша қылмысты кодекстің екі бабымен іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық тиісті шараларды іске асыруда.

Ернар Балабеков.