Шымкентегі екі бірдей саз мектебі жаңа ғимаратқа көшті. Жамал Омарова атындағы №1 және №2 балалар саз мектебінің кеңес кезіндегі ғимараттары апатты деп табылған. Мұны ғимараттарға арнайы тексеру жүргізген сарапшылар да анықтапты. Әзірге бұл мектептер жаңа ғимараттарын жалға алып отыр.
800-ге тарта өнерлі балғын білім алған бұл ғимараттың іргетасы сонау 1931 жылы тұрғызылған. Өткен жылы білім бөлімі арнайы сараптамаға қаражат бөліп, нысанды тексерген. Нәтижесінде мұнда оқушыларды оқытуға қауіпті деген анықтама беріліпті. Бүгінде бұл саз мектебінің ұжымы Адырбеков көшесіндегі №79 үйді жалға алып, оқушылардың білім алуына ыңғайластырып жатыр.
№2 саз мектебінің жағдайы да тап осындай. Бұл мектепте мыңнан астам өнерлі оқушы аспаттың 14 түрі бойынша білім алады. Енді білім ошағы Гагарин көшесіндегі ескі ғимараттан Шәмші Қалдаяқов көшесіне көшіп келді.
Пазылхан Асауов: «Ескі мектептер бұзылады, ал олардың жер көлемдері мүмкіндік берсе, жаңа ғимарат саламыз, болмаса басқа жер телімін қарастыруға тура келеді.»
Шымкент қаласына заман талабына сай өнер мектебін салу туралы мәселені қалалық мәслихаттың депутаттары бірнеше рет көтерген болатын. Нәтижесінде, сала мамандарының айтуынша, қала бюджетінен Нұрсәт шағынауданынан өнер мектебінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.
Нұрлан Жаңабай