Жансейіт Түймебаев: «Тапсырмалар тиянақты орындалуы керек»

311
Ж.Түймебаев:

Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс болып өтті. Күн тәртібінде 2016 жылғы құжат айналымы мен ондағы тапсырмалардың орындалу мәселесі талқыланды. Бұл жөнінде облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов баяндама жасады.

2016 жылы облыс әкімдігіне жоғарғы тұрған органдардан 8477 құжат түсіп, 2015 жылмен салыстырғанда 114 құжатқа кеміген. Сонымен бірге келіп түскен құжаттардың 5644-і бақылауға алынып, 2015 жылмен салыстырғанда 2373 құжатқа артқан. Бақылауға алынған құжаттардың 5375-сі орындалса, қалған 269 құжат орындалу барысында.

Ж.Түймебаев: "Тапсырмалар тиянақты орындалуы керек"

Арыз-шағымдар бойынша арнайы тоқталған аппарат басшысы 2016 жылы облыс әкімдігіне 3896 өтініш келгенін айтты. Оның ішінде жеке тұлғалардан – 2973, заңды тұлғалардан 923 өтініш тіркелген. Бұл 2015 жылмен (4 060) салыстырғанда 164 өтінішке кемігенін көрсетеді.

Алайда бірқатар аудан, қалаларда тұрғындардың арыздануы өскен. Мәселен, Мақтаврал ауданында арыз-шағым саны 59-ға артқан (24%), Сарыағашта – 53 (24%), Созақ (42%) пен Сайрамда – (22%) 33 арызға, Түркістанда – 25 (15%) және Арыста 10 арызға артқан (13%).

– Жалпы, әр басқарма басшысы өзі жетекшілік ететін сала бойынша жауапты тұлға болып табылады. Алайда, кейбір хаттамалық тапсырмалардың орындалмауы олардың жауапкершіліктерінің төмен екенін, сонымен қатар, өз міндеттерін орындауға немқұрайлылық танытатынын көрсетеді. Осыған орай басқарма басшыларына хаттамалық тапсырмаларды орындауға 2 апта мерзім беремін, – деді Жансейіт Түймебаев.

Облыс әкімі мәжілісте қаңтар айында облыс әкімдігінің бас инспекторларына барлық аудан, қалаларға шығып, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін, сонымен қатар, жалпы орындаушылық тәртіпті тексеруді жүктеді. Сонымен қатар әр аудан, қала әкімдері өз өңірлеріндегі проблемалардың тізбесін жасап аппаратқа ұсынуды тапсырды.

Бұл ретте бірінші кезекте апатты үйлердің тізбесін жасау, пәтерлердің меншік иелерінің кооперативін ұйымдастыру жүктелді.

Селекторлық отырыста облыс тұрғындарының қолайлы және қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау жайы да басты назарға алынды. Аталған мәселе жөнінде ойын білдірген Жансейіт Қансейітұлы аудан, қалаларды жаппай көгалдандыру шараларын қолға алып, Шымкент қаласындағы шатқалдарды демалыс орындарына айналдырып, бұл жұмыстардың биылғы жылдың қаңтар-наурыз аралығында жүзеге асырылуы тиістігін жеткізді. Бұл үшін «Шатқал» деп аталатын арнайы бағдарлама да қабылданды. Тың жобаның алғашқы жұмысы 7 қаңтар күні басталады.

Үшінші мәселе ретінде жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіру айтылса, әкім, төртіншіден, көп қабатты үйлердің сыртқы келбетінің, шатырлардың және подъездердің жағдайына көңілі толмайтынын айтты.

Сондай-ақ, негізгі көшелердің бойындағы жеке сектор үйлерінің сыртқы қоршауларының көркін сынға алып, біркелкі сыртқы қоршаулар салу, қауіпсіздік қоршауларын ұйымдастыру, аулаларды абаттандыру, ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында бірқатар бағыттарда жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды.

Ауыл шаруашылығы мәселесіне арнайы тоқталған өңір басшысы облыста 180 мың га жер пайдаланылмай бос жатса, оның 15 мың га жуығы суармалы жер екенін алға тартты. Осыған байланысты, ауданның, қаланың ауыл шаруашылығы саласын дамытуды жоспарлауда өңірдің табиғи және климаттық ерекшелігі ескеру керегін айтып, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін екі есеге арттыру міндетін бекітуді, саланы дамытуда міндетті түрде заманауи технологияларды және отандық ғылыми жетістіктерін пайдалануды жүктеді.

Сонымен бірге дайын өнімді шығарудан оны сатуға дейінгі процестерді қамтитын тиімді класстерді құруды айтып, жылыжайлардың көлемін ұлғайтуды, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, суармалы жер көлемін ұлғайту мақсатында тоғандардың құрылысын жүргізу және қараусыз қалған каналдарды қалпына келтіру сынды бірқатар бағыттарда жұмыстарды жандандыруды нұсқады.

Облысымызға инвесторларды тарту, жергілікті тауарларды экспортқа шығару мәселесі өте төмендігіне алаңдаған аймақ басшысы өңірдің брендтік тауарын қалыптастыру керектігіне тоқталды. Бұдан бөлек Оңтүстіктің туризм саласын дамыту бойынша сервистік қызмет үлгілерін стандартты деңгейге жеткізу қажеттігін тапсырды.