Шымкентте үйі қираған отбасылар уақытша пәтерге көшті

332
Шымкентте үйі қираған отбасылар уақытша пәтерге көшті

Жауынның салдарынан үйі қирап қалған екі отбасы уақытша баспанаға көшті. Еске салайық, таяуда Көксай шағынауданындағы екі қабатты ғимараттың қабырғасы опырылып, бүлінген болатын. Соның салдарынан 8 баласы бар екі отбасы далада қалған. Оқиға орнына барған Шымкент әкімі бұл отбасыларға уақытша баспана береміз уәде берген еді. Енді міне, теміржол вокзалы маңынан демеушілердің көмегімен 4 бөлмелі пәтер тауып беріп, бір жылдық жалдау ақысын да төледі.

Теміржол вокзалы маңындағы көп қабатты үйдегі пәтердің бірінен екі отбасы баспана тапты. Олардың үйлері жауынның салдарынан қабырғасы шөгіп, қирап қалған болатын. Екі баланың анасы Нұрай Қуандықова төрт бөлмелі пәтерге қуанып отыр. Бүгін көшіп келе салысымен баспанасын жинап-сыпыруда.

Бұл отбасыларда ауыр жүк жоқ. Себебі, дүние-мүліктің көбісі қираған үйде қалды. Дегенмен, оған мойымаған үлкен жанұя бүгін дастархан жайып, тыныш үйде бас қосты.

Нұрай Қуандықова: «Бізге көмектескені үшін қала әкіміне рахмет. Үйіміз қирап қалғанда не істерімізді де білмей қалдық. Енді, міне, жақсы пәтерге келдік. Баршаңызға рахмет!

Еске салайық, кешегі демалыс күндері қаладағы мол жауын-шашынның салдарынан Көксай елдімекеніндегі Таң нұры көшесіндегі екі қабатты үй қираған болатын. Абырой болғанда үй тұрғындарының ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Қазіргі таңда осы ауданда тағы да үш үй апатты жағдайда тұр. Шымкент әкімі ол үйлердің иелерін көшіруге тапсырма беріп отыр.

Қаланың бұл ауданының жағдайы енді қалай болмақ? Және 300 үйдің тұрғындары қайда көшетінін алдағы уақыт көрсетеді.