Асардағы ауруханаға қатынау мұң

288
Асардағы ауруханаға қатынау мұң

Асар шағынауданындағы балалар ауруханасына жету көпшілік үшін қиямет-қайымға айналған. Шағынауданға қала орталығынан қатынайтын №8 автобустың бағыты бүгінде өзгеріп кетіпті. Себебі, автокомпания басшылары бұл бағытты тиімсіз деп шешкен.

Ал қазір қызмет көрсететін №9 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушілері міндетіне немқұрайлы қарайды дейді жолаушылар. Амалы таусылған тұрғындар ауруханаға жету үшін таксимен қатынауға мәжбүр. Ал ол науқастар үшін қалтаға салмақ түсірер шығын.

Асар шағынауданында 2000-ға жуық отбасы тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі – «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша көршілес Өзбекстанан көшіп келген қандастарымыз. Өкініштісі сол, мұндағы ағайынның қалаға қатынауы әлі реттелмеген, керісінше, бұрынғыдан да қиындап отыр. Қоғамдық көлік қазір мүлде жүрмейді деуге болады.

«Асардағы басты мәселе – автобус. №8 бағыттағы көлік мүлде жүрмейді. Ал №9 бағыттағы жүргізушілер кейде келеді, кейде келмейді – өздері біледі.»

Шаһардағы ең үлкен балалар ауруханасының бірі де осында орналасқан. Мұнда науқастар қала аумағындағы барлық елдімекендерден келеді. Қоғамдық көліктің жоғынан науқас балғындардың ата-аналары қалталары қағылып, таксимен қатынауға мәжбүр. Ал көлік бөлімінің басшылары болса, шаһардағы 10 бағыт бойынша қосымша қаржы берілмесе, мәселені оңалту қиын екенін алға тартады.

Сөйтіп, барлығын қаржы шешеді. Көлік компанияларының тиімсіз деп бас тартқан бағыттарына субсидия бөлу керек боп тұр. Оны қарастыру депутаттардың еншісінде.

Нұрлан Жаңабай