Оңтүстіктің жастары әз Наурызды қарсы алды

422
Оңтүстіктің жастары әз Наурызды қарсы алды

Көктемнің көзайым мерекесі – әз Наурыз жыл сайын жаңару мен жасампаздықтың мейрамы болып, қуаныш пен шаттық сыйлап келеді. Оңтүстік халқы осындай атаулы датаны тойлауды алдын ала бастап кетті. 17 наурыз күнгі іс-шара «Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз» деп аталып, оны ұйымдастыру жастарға жүктелді.

Жастар ресурстық орталығының алаңында мейрамның лебі сезіліп-ақ тұр. Арнайы орнатылған алтыбақанды, ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнердің бірі – қыз бен жігіт айтысын көруге келген көрермен қатары қалың.

Оңтүстіктің жастары әз Наурызды қарсы алды

Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға келген қонақтардың бір бөлігі, бұдан бөлек, облыс студенттері жасаған қолөнер бұйымдарымен танысуға мүмкіндік алды. Көрмеде қойылған әр бұйымның салт-дәстүрімізбен байланысы бар.

Оңтүстіктің жастары әз Наурызды қарсы алды

Ұлыстың ұлы күнінде қазақтың ұлттық ойындары бір сәтке болса да жаңғыратыны анық. Мерекелік шара барысында аудан, қалалардан келген жастар арасында арқан тарту, кір тасын көтеру, қол күрес және қазақша күрес бойынша сайыстар өтті. Жарыс туралы естіп, қатысуға бірден ниет білдіргендердің бірі – Дәулет Қасымбекұлы. Ол қазақша күрес бойынша ел чемпионы.

Жүзден жүйрік атанғандар облыс әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды. Ал мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Бұл тек бастамасы, жоспарланып отырған іс-шаралар тізімі әлі көп дейді ұйымдастырушылар.

Әлия Әділбек