Көп балалы анаға көмек жетті

597
Көп балалы анаға көмек жетті

Бұған дейінгі жаңалықтарымызда 7 баласын асырай алмай, көпшіліктен көмек сұраған жалғызбасты ананың жағдайын хабарлаған едік. Шиеттей балаларының төртеуі киерге киімі мен оқу-құралдарының жоғынан мектепке бара алмай отырған еді. Содан бері көп балалы ананың жағдайына бей-жай қарамайтын қайырымды жандар да табылды. Таяуда жомарт жандар көмек қолын созып, бұл отбасыға сыйлықтарын ала келді.

Бүгін 7 баласын 40 мың теңге жәрдеақымен бағып келген жалғызбасты ананың көңілі жай тапқандай. Бір ай бұрын оқулық пен мектепке киіп барар киім таппай, тіпті азық-түліктен тарыққан балалар жомарт жандардың көмегімен бүгінде мектепке де барды.

Айнұр Жұманова: «Баршаңызға рахмет! Бұлай қиналамын деп ойламадым. Өзімде қарап отырған жоқпын, қазір жұмысқа кірдім. Балаларым өскенде осы халықтың сенімін ақтасын.»

Көп балалы әйелдің мүшкіл жағдайына бей-жай қарай алмаған облыстық жеке сот орындаушылары балаларға киiм-кешек, отын-сулық қаражат, азық-түлiктерін көтеріп, отбасының жағдайын сұрап келді. Сонымен қатар қайырымды жандар Айнұр Жұманованың жалдамалы пәтерінің екі жылдық ақысын төлеп берді.

Көп балалы анаға көмек жетті

Жеке сот орындаушылары, сондай-ақ, 7 баланы тастап кеткен әкеден алимент өндіріп беруді қолға алған. Өйткені Айнұр Жұманова мемлекеттен берілуі тиіс жәрдемақысын толығымен алып отырса да шиеттей бала-шағаны бағу жалғыз басына ауыр екені белгілі.

Бейбіт Баймаханбетов, жеке сот орындаушы: «Отырар» телеарнасынан осы жалғызбасты әйелдің мүшкіл жағдайын көріп, қол ұшын бергіміз келді. Қазір осы балаларына алимент төлемей жүрген әкемен жұмыс істеп жатырмыз.»

Айта өтейік, осыдан бір айдан астам уақыт бұрын жеті баланың анасы Айнұр Жұманова мүшкіл халін көрсетіп, көпшілікті хабардар еткен болатынбыз. Содан бері қайырымды жандар табылып, көп балалы анаға қол ұшын созғандардың қатары көп болды. Қазір күйеуі тастап кеткен әйел дәмханада еден жуушы болып уақытша жұмыс істеп жүр. Ал 1 жастан асқан ең кіші қызын Нұртас шағынауданындағы «Шымкент премиум» балабақшаның басшысы бір жылға тегін орналастырып беруге уәдесін берді.

Гүлжан Байназарова