Шымкентте тәртіп бұзған 10 кондуктор жұмыстан шығарылды

184

Шымкентте аялдамаларды басына көтеріп, айқайға салған 10 кондуктор жұмыстан босатылған. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің көлік компанияларына қойған талаптарының нәтижесі осындай. Қазіргі таңда қоғамдық көлік компаниялары жергілікті биліктің қойған өзге де талаптарын қалай орындап жатыр?

Жасыратыны жоқ, қала орталығындағы көшелермен қатынайтын автобустарда біршама тәртіп орнаған. Көліктері таза, кондукторлары сыпайы, жүргізушілері арнайы форма киіпті. Ал шаһардың өзге шет аймақтарда жүретін автобустарды әлі де де болса тәртіпке шақыру қажет секілді. Бір ғана мысал, таңғы сағат 8-дер шамасында №77 бағыттың шағын көліктері Самал шағынауданындағы соңғы аялдамада иіріліп тұр. Әкімдіктің бекіткен кестесі орындалып жатыр деп айту қиын. Бұл көліктер өз заңдарымен жүреді екен.

Ал №87 бағытқа мінген жолаушыларда айтарлықтай шағым жоқ. Дей тұрсақ та кешкі уақытта көлік санын көбейтсе деген ұсыныстарын жеткізді.

Наурыз Сүгірәлиев: «Бұл бағыттың жүрісіне шағым жоқ көпшіліктің сұранысымен Достық шағынауданын да осы кестеге енгізгенбіз. Ал автобусты көбейту өтініштерін сараптап көрейік.»

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 14 көлік компаниясымен келісім-шартты сот арқылы бұзған. Ал биыл талаптарды орындамаған 7 мекеме ескерту алыпты.

Нұрлан Жаңабай