Оңтүстіктен 500 оқушы ЭКСПО көрмесіне аттанды

497
Оңтүстіктен 500 оқушы ЭКСПО көрмесіне аттанды

Бүгін оңтүстікқазақстандық 500 оқушы Елорда төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға Шымкент қаласынан Астанаға жолға шықты. Балаларды Шымкент қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығы алаңынан өңір басшысының орынбасары Бауыржан Жамалов пен ата-аналары, ұстаздары мен достары ақ жол тілеп шығарып салды. Демеушілердің қолдауымен қолға алынған игі іс аясында балалар көрмені аралап, бас қаланың көрікті жерлерін тамашаламақ.

– ЭКСПО-2017 көрмесі сіздерге ерекше әсер қалдыратынына сенім мол. Барша қазақстандықтардың мақтанышына айналған көрмені жақсылап тамашалап, жаңа оқу жылына көтеріңкі көңіл күймен келулеріңізге тілектеспін. Осы сапарларыңызға демеушілік танытып, жаңашырлық білдірген барша азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді Бауыржан Сардарұлы.

Оңтүстіктен 500 оқушы ЭКСПО көрмесіне аттанды

Астанаға жолға шыққан топ құрамында жетім балалар мен көп балалы отбасылардан шыққан және әлеуметтік топтағы балалар бар. Балаларға облыстық білім басқармасымен бірге 42 жетекші 10 дəрігер маман бекітілген. Ал, Астанаға жеткен соң, оқушылар «ЭКСПО» қалашығындағы жатақханаға жайғасады. Ас мәзірі де аталған жатақхана асханасында үлестірілетін болады.

Саяхаттың алғашқы күнінде белсенді топ көрменің басты нысаны – «Нұрлы әлем» ұлттық павильоны, сондай-ақ, шетелдіктердің ұсынған заманауи технологиясының жаңа жетістіктерін тамашалап, энергия-қуат күшін алатын тың жоба – жеке аймағымен таныспақ ниетте.

Айта кетейік, еліміздің бас қаласы – Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмені Оңтүстік Қазақстан облысынан күн сайын түрлі топтағы азаматтар аттанып, елордадағы әлемдік маңызды шараның куәсі болып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 30 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық көрмені тамашалап үлгерген. Оның ішінде 2 мыңға жуығы мектеп шәкірттері. Ал Астанаға барып қайтқан оқушылар халықаралық маңызды шараның куәсі болғанына ерекше қуанып, айрықша әсер алып қайтуда. Бұл өз елінің болашақ патриоттары үшін үлкен қолдау, көмек болуда.

Оңтүстіктен 500 оқушы ЭКСПО көрмесіне аттанды

Бұған дейін EXPO-2017 халықаралық көрмесін тамашалау үшін өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан және білімі мен өнегелі тәрбиесі үшін оқушыларға мемлекет және демеушілер есебінен 3750 оқушыға жолдама берілген болатын.

Бүгінгі күнге дейін жолдама алған балалардың 2250-і айтулы көрмені тамашалап қайтқан болса, қалған 1500 оқушы ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін Елордамызға барып, мәдени шараны көзбен көрмек.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев