Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысы талқыланды

816

Шымкент қалалық әкімдігінде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының орындалу барысы жайлы мәжіліс өтті. Күн тәртібінде екі мәселе болды. Біріншісі – «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдары инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының орындалуы. Екіншісі – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылдың 6 айындағы үй құрылысының қорытындысы.

Алғашқы мәселе бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің жетекшісі Нұрлан Бектұрсынов мәлімдеме жасады. Шымкентте баспана кезегінде 31 276 адм тіркелген. Олардың арасында: 2 ҰОС ардагері, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 599, әлеуметтік аз қамтылған – 11 275, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері – 1 837, жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар – 29 адам. Осы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 438 720 шаршы метр үй қажет.

Соңғы 3 жылда Шымкент қаласының халқы 25%-ға, ал баспана кезегіндегі тұрғындар саны 126,6%-ға артты. 2016 жылы Шымкентте 69 үй пайдалануға берілді. Бұл – 4 286 пәтер деген сөз. Ал 2017 жылы 43 үй ел игілігіне берілмек (2 250 пәтер).

Жоспар бойынша 2020 жылға дейін баспана кезегінде тұрған азаматтардың 80%-ы арендалық баспанамен қамтамасыз етіледі. Ал бұл – жыл сайын 3000 пәтерді пайдалануға тапсырып тұру деген сөз. Қалған 20%-ы баспананы несиеге ала алады. Осылайша жыл сайын 4100 несиелік пәтерді ел игілігіне тапсыру көзделуде.

Бұған қоса, баспана үлестіру процесі ашық болуы үшін «Ашық әкімдік» жобасы аясында автоматты электронды бағдарлама дайындалуда. Осы мақсатта бағдарлама жасау үшін «CUSTOM SOLUTIONS CENTER» ЖШС-мен келісім-шарт түзілген. Бұл бағдарлама елімізде алғаш рет Шымкент қаласында іске қосылмақ.

Бағдарламаның мақсаты:
* Баспананы тұрғындар арасында үлестіруде автоматтандыру;
* Өтініш беруші мен қызмет көрсетуші арасындағы адами факторды жою;

Ал күн тәртібіндегі екінші тақырып бойынша құрылыс бөлімінің жетекшісі Мәлік Әбдінұров пен оның орынбасары Абай Тұрханов ақпарат ұсынды.

2016-2017 жылдары Шымкентте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 4 шағынауданда (Самал-1,2, Қайтпас-1 және Солтүстік-батыс) кәріз жүйесі тартылуда. Құрылыс аяқталған соң кәріз желісімен қамтылған қала халқының үлесі 42%-дан 49,1%-ға дейін өседі.

Маңызды мәселелер:

Кәріз құбыры тартылып жатқан бірнеше көшеде (Қайтпас-1 – 16 көше, Солтүстік-батыс – 8 көше, Самал-1,2 – 15 көше) асфальт төселеді. Мердігер кәріз құдықтарын асфальтпен жабады. Бұған қоса асфальт төселген жерлерде абоненттердің кәріз желісіне қосылуы қиындау. 2016 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инженерлі және жол инфрақұрылымының 6 нысаны салынуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында әкімшілік-іскерлік орталықта 2 тұрғын үй салынуда. Олар 2017 жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұған қоса «Нұрлы жер» бағдарламасын сапалы әрі дер кезінде жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет есебінен 9 несиелік үй салынуда.

Шымкент қалалық құрылыс бөлімі тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 107 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Олардың арасында:

– көпқабатты тұрғын үй – 101 (7 790 пәтер, 459 229 ш.м.);
3-класты 75 үй (6 570 пәтер, 391 692 ш.м.);
4-класты 26 үй (1 444 пәтер, 82 379 ш.м.).
– инженерлі инфрақұрылым – 6.