Түлектерінің 98 пайызы – мемлекеттік грант иелері

561

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты республикадағы ең үздік он мектептің қатарына енді. Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылындағы білім ошағы түлектерінің 98 пайызы – мемлекеттік грант иелері.

Жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайтын білім ордасы 400 оқушыға шақталған, жатақханасында 300 балаға орын бар. Оқушылары жергілікті, облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық білім додаларында топ жарып жүр. Еліміздің ең үздік он мектебінің қатарынан табылған білім ұясының жетістіктері жетерлік.

Ашылғанына биылі 10 жыл болған білім ұясында оқытудың тың әдістері мен жаңалықтар тиімді қолданып оқытады. Үш қабатты ғимаратта 29 оқу кабинеті, 2 мультимедиялық кабинет, пәндік кабинеттер, зертханалар мен спорт залы, кітапхана, 7 интерактивті құрылғы, 15 сынып кешені бар. Бұл тізімді жалғастыра берсек те болады. Бастысы – ұстаздар құрамы таңдаулылардан тұрады. Бұл мектепте ой еңбегімен қоса оқушыны жан-жақты етіп тәрбиелеу де басты орында.

Білім беру мен тәрбиені ұтымды ұштастыра білген ұжым Оңтүстіктегі таңдаулы жоғарғы оқу орындарымен шығармашылық тығыз байланыста. Профессор ғалымдар арнайы келіп, жоғары сыныпқа дәріс те оқиды. Мектепте үш бірдей ғылым кандидаты, 1 доцент тұрақты жұмыс істейді. Сондықтан жүлдегер білімпаз шәкірттермен мақтана аламыз дейді мектеп басшылығы.

Түрлі зияткерлік байқаудың жүлдегерлеріне тоқсан сайын демеушілер сый-сияпат жасап, ынталандырып отырады. 300 орындық жатақхана, жаттығу залы, 150 орынды асхана – осындағы оқушылардың қызметінде. Айта кетейік, еліміздің ең үздік мектебінің бірінде оқу үшін де үздіктер сараланады. Яғни, 6 сынып оқушылары арасынан арнайы емтихан арқылы қабылданады.

Жанар Есенбекова