«Ардагерлердің шахматқа деген қызығушылығы басым»

555

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Әл Фараби аудандық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы, «Ақ тұлпар» шахмат клубының жетекшісі Серік Бөлегенов және немересі Абдуғали:

  • 10 немереңіздің алтауы шахмат ойнайды екен. 4 қызыңыз бен екі ұлыңыздың да шахматқа деген құштарлығы басым екен. Әрине оларға жол көрсетіп, үйреткен өзіңіз боларсыз. Ал өзіңіз қанша жасыңыздан бастап шахмат ойнадыңыз?
  • Шахмат ойынын әкем 6 жасымда үйреткен болатын. Мектепте 4-5 сыныпта оқып жүргенімде шахмат үйірмесін жүргіздім. Қаладағы политехникалық техникумға түстім. Сабақтан кейін орталық саябаққа барып шахмат ойнайтынбыз. Сол құмарлығым кейін ұл-қыздарыма, немерелеріме дарыды. Дойбы да ойнаймыз. Үйде бас қосқанда отбасылық турнир өткіземіз. Шахмат адамды ойландырады, демалдырады. Басқа ойлардан арылтады.
  • Шахматтан әлі де қол үзбепсіз. Осы «Ақ тұлпар» шахмат клубының150-ге жуық мүшесі бар екен…
  • Жылдың басынан бері 10 жарыс ұйымдастырылды. Ең соңғы 10-шы жарыс халықаралық қарттар күніне орай өткізілді. 20 ардагер жарысқа қатысты. Өте тартысты өтті. Жасы 80-нен асқан Алексей Ни деген кісі бар. Үнемі бірінші, екінші орынды ешкімге бермейді. Ал жасы ең үлкеніміз Халил атамыз 97-ге толады жақында. Ұлы Отан соғысының ардагері. Үнемі жеңісті қолдан бермейді.
  • Өңірімізде ардагерлердің басқа емес шахматқа деген қызығушылығы басым сияқты…
  • Ия, сөзіңіз рас. Қариялар орталық саябаққа келіп, күнұзақ шахмат ойнайды. Немерелері «қайда жүрсіз?» деп сұрамай ма, біздің осы клубымызды бәрі мақтап жүреді. Жастарды да баулу ойда бар. Студенттер де келіп ойнайды.
  • Немерелеріңізді шахматқа баулыпсыз, неге басқа спорт түріне емес?
  • Мықты ойын түрі ғой, содан хабары болсын дейміз. Абдуғали немереме үлкен үміт артамын. Жарыстарға қатысып жүр. Бүгінде Жансая Әбдімәлік қызымыз әлем чемпионы болды, аты шығып жатыр. Содан үлгі алып балаларымыз да сондай жетістікке жетсін деген үмітім бар.
  • Қай немереңіз жақсы ойнайды?
  • Астанад оқитын үлкен немерем Дінмұхаммед жақсы ойнайды, оның әкесі Мұратта өте мықты қарсылас.
  • Шахмат ойынындағы ерекше қырларын үйрететін шығарсыз?
  • Жүрістеріне қарайсың, сабақ ретінде былай жүру керек еді, дұрыс жүрмедің деп кеңес беремін.
  • Ең ұнайтын жүрісіңіз қайсы?
  • Корольдан бастағанды жөн көремін. Атты шығарамыз, фигураларды алға жылжыту ертерек, ортасына алу керек.