ОҚО әкімінің кеңесшісі мен депутат мерт болған жол апатының себебі анықталды

234
ОҚО әкімінің кеңесшісі мен депутат жол апатынан мерт болды

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай мен депутат Қамытбек Айтөреевтер қаза тапқан жол апатының себеп салдары белгілі болды. Түркістан қаласының прокуроры Руслан Әбдірайымовтың айтуынша, жол-көлік оқиғасына қатысты анықтау шаралары аяқталып, іс сотқа жолданған.

Тергеу барысында анықталғаны, жол апаты жеңіл көлік жүргізушісінің мұқиятсыздығынан орын алған. Қазіргі таңда жол апатынан ауруханаға түскен жүргізушінің денсаулығы біршама жақсарып, үйіне шығарылды. Ол тергеу барысында өзі келіп жауап берген.

Ал қаза тапқан Сейіт Ертай мен Қамытбек Айтөреевтің туыстары айыпталушы азаматқа кешірім беріпті. Енді жол апатына себепші жүргізушіге қатысты үкімді Түркістан қалалық соты шығарады.

Еске салайық, 23 шілде күндізгі сағат 13:00 шамасында Шымкент-Самара тасжолының 107 шақырымында жол жиегінде бұзылып тұрған «Газ-53» жүк көлігіне «Тойота Прадо» автомобилі соқтығысып, соның салдарынан екі жолаушы қаза тапқан еді. Бақилық болғандар Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай мен облыстық мәслихаттың депутаты Қамытбек Айтөреев еді. Ал Тойота көлігінің жүргізушісі ауруxанада жансақтау бөліміне түскен болатын.