Оңтүстіктегі республикалық форумда ауылдардың дербес бюджеті талқыланды

279
Оңтүстіктегі республикалық форумда ауылдардың дербес бюджеті талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық форум өз жұмысын бастады. «Жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» тақырыбындағы форум жұмысына облыс әкімі Ж.Түймебаев, ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел мен сарапшылар және саясаткерлер, Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауыл әкімдері, жалпы саны 400-ден астам адам қатысуда.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округтері деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырған болатын.

Еліміздегі ауыл әкімдерінің басын қосқан жиынның ашылуында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев осындай ауқымды форумды ұйымдастырған ұлттық экономика және қаржы министрліктері мен Біріккен Ұлттар ұйымының өкілдеріне алғыс айтты.

Оңтүстіктегі республикалық форумда ауылдардың дербес бюджеті талқыланды

– Ауыл әкімдерінің рөлін күшейту бойынша жұмыс жалғасуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті маңызы бар барлық мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту қажеттігін атап өткен еді. Бүгінде облыста дербес бюджетке көшу үшін жан-жақты дайындық жұмыстар атқарылды. Аймақта салық салу базасын нақтылау мақсатында мемлекеттік дерекқорлар туралы мәліметтер салыстырып, жаңартылды. Жылжымайтын мүлік бойынша тіркелмеген нысандардың иелерін әділет органдарына тіркеу іске асырылды. Бұл ауыл округтерінің табысын арттырады, – деді әкім.

Оңтүстіктегі республикалық форумда ауылдардың дербес бюджеті талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысында 2018 жылдан бастап дербес бюджет 2 000 адамнан тұратын 175 әкімшілік бірлікте, 2020 жылдан бастап қалған алтауына енгізілетін (барлығы 181) болады.

Жиында сөз алған ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұлов жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізгеннен кейін жергілікті тұрғындар қаржының жұмсалуын қадағалай алатынын атап өтті.

Оңтүстіктегі республикалық форумда ауылдардың дербес бюджеті талқыланды

– Заңда тұрғындардың бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жергілікті қоғамдастықтың жиналысына қатысушылардан тұратын комиссия арқылы ауылдық округтің бюджетінің орындалуы мониторингін жүргізу жолымен бақылау тетігі көзделіп отыр. Осылайша жергілікті қоғамдастықтың мүддесін есепке алу арқылы бюджетті жоспарлауға және бақылауға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылды, – деді Жұмағұлов.

Оңтүстіктегі республикалық форумда ауылдардың дербес бюджеті талқыланды

Айта кетейік, ұлттық экономика министрлігі «Зерде» оқу орталығымен бірлесіп, ауыл округі әкімдеріне арнайы оқу курсын ұйымдастырды. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру тобы аудандарға барып, дербес бюджетті және коммуналды меншікті енгізу мәселелері бойынша семинарлар өткізді. Ал облыстық мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығының базасында екі мың адамнан астам ауыл округінің әкімдері, сондай-ақ, экономика және қаржы бөлімдерінің қызметкерлері оқытылған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі