Шымкентте қоғамдық көліктердің рейтингі жасалады

409
Green Bus компаниясы төл мерекелерін атап өтті

Таяу күндері Шымкентте қалалық жолаушылар көлігінің қоғамдық рейтингі пайда болады. Ол күн сайын қала тұрғындарының қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі аккаунтына түскен шағымдар негізінде жаңаланып тұрады.

Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің жиналысында айтылды. Бұл рейтинг бір жағынан жолаушыларға қалалық бағыттарда қызмет көрсететін компаниялар жұмысының сапасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан әкімдіктің мамандары тұрғындардың тасымалдаушы компаниялар қызметіне қаншалықты көңілі толатынын анықтай алады.

Тағы бір жаңалық – қала аялдамаларында қоғамдық көліктердің бағыттары, кестесі мен қозғалыс бағыты көрсетілген ақпараттық бағыттауыштар орнатылады. Себебі, қалалық әкімдіктің әлеуметтік желілердегі аккаунтына қала тұрғындары жіберетін ұсыныстардың ішінде аялдамаларда көлік бағыттары мен уақыты туралы ақпараттың болмауы мәселесі жиі көтерілетін. Адамдар кейде өздері тоқтаған аялдамаларға қандай автобустар келетінін де білмей қалатынына шағымданған. Осыған орай Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы барлық аялдамаларға осындай ақпараттық бағыттауыштар орнатуды тапсырды. Бұған қоса тұрғындарға қоғамдық көліктің қозғалысын бақылап, олардың нақты аялдамаларға келу уақытын есептеуге мүмкіндік беретін, смартфондарға арналған қосымша жасау мәселесі тапсырылды.

Ал қаладағы автобустардың жетіспеушілігіне арызданатын тұрғындардың шағымы да тыңдалды – Шымкенттің әкімі адам көп қатынайтын бағыттарға қосымша көлік жіберуді тапсырды. Бұған қоса қаладағы жолаушылар қозғалысын зерделеп, соның нәтижесінде көлік бағыттары кестесін оңтайландыру ұсыныстарын әзірлеу ұсынылды. Мұнымен қатар тасымалдаушы компаниялардың өздерінің көліктерін жаңартуға алған міндеттерін қаншалықты орындап жатқанын анықтау керек. Және Шымкенттегі қоғамдық көліктің ары қарайғы даму мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізу тапсырылды.

Бұған қоса қалада экологиялық таза муниципалды автокөлік паркін құру мәселесі тағы көтерілді. Бұл үшін монополияға қарсы органмен барлық келіссөз процедураларын жүргізу керек. Бұл мәселелер қаншалықты тиімді шешіліп жатқаны 2017 жылдың желтоқсан айында өтетін жиналыста талқыланады.

Қалалық ішкі істер басқармасы мен жергілікті полиция қызметкерлері жол жүру мен жолаушылар тасымалдау ережесін бұзған автобус пен бағыттағы такси жүргізушілеріне айыппұл кесетін болады. Ал бұл шара жаппай қолға алынуы үшін Шымкенттің әкімі қала тұрғындарынан әр ереже бұзу фактісін тіркеп, әкімдіктің әлеуметтік желілердегі аккаунттарына жіберуді сұранды. Қоса кетейік, тәртіп бұзған азамат жазалануы үшін оқиға болған жерді, уақытты көрсетіп, автокөліктің анық түсірілген мемлекеттік нөмірінің фотосын қоса жіберу керек.

Шаһар әкімі мұндай қадам көлік кептелісінің кесірінен халыққа ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінеді, дегенмен, осындай іс-шараларға түсіністікпен қарауды өтінеді.

– Егер бұл проблеманы қазір шешуді бастамасақ, қала халқы қоғамдық көлік саласында кұн сайын тап болатын мәселелердің көзін жоя алмаймыз. Жолдағы жарыс, адам лық толған автобустар, жолаушыларды мінгізіп-түсіру тәртібін бұзу секілді проблема аз емес. Ең сорақысы, салонға адам толып кеткендіктен шағын автобустың жүргізушілері жолаушыларды артқы, қосымша есіктен шығаратын фактілері де кездеседі! Сондықтан мен қала тұрғындарынан біз бүгіннен бастап қолға алатын іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұранамын. Және қоғамдық көліктердегі ереже бұзу фактілері туралы белсенді хабарлауға шақырамын, – деді Шымкенттің әкімі.