Білім саласы жаһандануда

667

Ақпараттық технологиялар өмірімізге жаңа серпін әкелуде. Оның қарыштап дамығаны соншалықты, бүгінде үйден шықпай-ақ, мемлекеттік қызметтерді алып жүрміз. жүрміз. Тіпті, перзентімізді мектепке не балабақшаға электронды кезекпен тіркеп, орналастыра аламыз.

Балабақшаға СМС-пен шақырады
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 381 балабақша жұмыс істейді. Олардың 88-і мемлекеттік, 271-і жекеменшік, 22-сі шағын орталық. Осы аталған мектепке дейінгі білім мекемелерінде 53 213 бүлдіршін тәрбие алуда. Ал кезекте шамамен 60 мың балақай тұр. Сол 60 мың баланың ішінде менің 4-ші перзентім де бар. Ойланып қарасам, бұған дейінгі балаларымды балабақшаға орналастыру үшін арнайы қалалық білім бөліміне барып, өтініш жазған екенмін. Оған баланың туу туралы куәлігі мен өзімнің жеке куәлігімнің көшірмесін, мекенжай анықтамасын қосып өткізіппін. Әр жарты жылда білім бөліміне барып, кезектің қаншалықты жылжығанын сұрап тұратынмын. Ал бүгін ақпараттық технологияның қарыштап дамығаны соншалық, төртінші сәбиімді перзантханада жатып-ақ, кезекке қойдым. Енді кез-келген уақытта үйде болсын, жұмыста болсын бөлімнің сайты арқылы кезектің қаншалықты жылжығанын бақалап отырамын. Бұның ата-ана үшін өте қолайлы, әрі тиімді екенін айтпасақ та түсінікті. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның  берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда 16199 балаға электронды жүйе арқылы балабақшаға жолдама берілген.

Оңтүстіктегі білім мекемелеріне электронды түрде тіркелуге болады— Сәбилерді балабақшаға электронды түрде кезекке қою жобасының мақсаты – кезектің тазалығын қамтамасыз ету және жемқорлық фактісінің алдын алу. Электронды кезекте адам факторы болмайды, бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Жүйе өте қолайлы, қолжетімді. Ал ең бастысы – ашық жоба. Кез келген адам пайдалана алады. Сондықтан да, кезекті білу үшін білім бөліміне келудің қажеті жоқ. Сайтқа кіріп тексеруге болады. Ал кезек келіп, жолдама берілген сәтте, баланы кезекке қойған кезде көрсетілген ұялы телефон нөміріне смс хабарлама жолданады. Мұндай хабарлама балабақша әкімшілігіне де жібереледі. Ал босаған орынға, күнделікті автоматты түрде бала қабылданады,- дейді Жанат Арысбекқызы.

Айта кетейік, garden.shymkent.edu.kz сайтында тек сәбилерді балабақшаға кезекке қойып қана қоймай, мекемелердің құжаттарын, бағдарлама және фотосуреттерін көруге болады. Бұған қоса жеңілдіктер мен балабақшалардағы бос орындар туралы ақпарат жазылған. Енді жыл соңына дейін 5000-нан астам сәбиді балабақшаға тіркеу қарастырылуда.

Бағдарлама қалай жұмыс істейді?
Бұл жоба Шымкентте 2017 жылдың мамыр айының соңында іске қосылған. Кезекке garden.shymkent.edu.kz, egov.kz порталдарында немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп тұруға болады. Ата-ана арнайы сайтқа ұялы телефон нөмірімен тіркеледі. Яғни тіркелу үшін телефон нөмірді және электронды поштаны енгізеді. Арнайы растау коды бар хабарлама түседі. Кодтарды енгізгеннен кейін ата-ана және бала туралы мәлімет толтыру жолағы ашылып, аты-жөні мен ЖСН нөмірі сұралады. Содан кейін балабақшаны таңдап, бар болса жеңілдіктерді растайтын құжатты жүктеуді сұрайды. Өтінім осылайша жіберіледі. Бір тәуліктің ішінде сізге тіркелу туралы СМС хабарлама жолданады. Бұрын ата-аналар тоқсанына бір рет болатын комиссияны күтетін болса, енді ондай емес. Балабақшаға жолдама алу үшін ата-ана кез-келген жерде отырып-ақ электронды түрде білім бөлімінің немесе әкімшіліктің сайтына кіру арқылы кезекке қою, сол жерден баласын қай балабақшаға орналастыру қажеттілігін, балабақшадағы орын санының бөлінуі туралы бірден нақты мәліметті алады. Қажет деп тапқан балабақшасы туралы, оның ішіндегі қызметкерлері, мекенжайы, білім сапасы, тәрбиелеу сапасы деңгейіне дейін толық деректі ала отырып, өзінің қажет етіп отырған балабақшадан бөлек бос тұрған қаладағы кез-келген балабақшаға кезек күтпей-ақ бірден алып кету мүмкіндіктері бар. Себебі, әр мекеме өздерінде босаған орынды есеп арқылы сайтқа жүктеп отырады. Нәтижесінде, балабақшада орын босаған сәтте ата-анаға ол туралы бірден СМС хабарлама келеді.

20 мың бүлдіршін 1 сыныпқа барды
2017-2018 оқу жылында шымкенттік 20 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның сөзінше, биылғы оқу жылында 1 сыныпқа қабылдау да онлайн тіркеумен жүзеге асырылды.

– Балаларды мектепке қабылдауда әсіресе білім көрсеткіштері жоғары мектепке деген сұраныс күшейіп, «балаларды қабылдағанда ақша алады, ақша беріп тұрғызады» деген сияқты түрлі арыз шағымдар білім бөліміне келіп тіркелді. Анонимді түрде де, жазбаша түрде де құзырлы органдарға түскендері де болды. Оны жасырмаймыз. Дәл осы арыздарды негізге ала отырып, бірінші сыныпқа баланы қабылдауды да электронды жүйе арқылы қабылдау басшылыққа алынды,-дейді қаланың бас педагогі.

«Баласын бірінші сыныпқа беремін» деген кез-келген ата-ана арнайы сайтқа кіріп, балаларының мәліметтерін тіркей отырып, өздеріне қажет деген мектептерге орналастырды. Электронды кезекке қою бірінші кезекте өзінің шағынауданына байланысты жүргізілді. Баласын шағынауданынан тыс жердегі мектептерге бергісі келген ата-аналар да болды. Олар мектептерге бөлінген артық орындарға орналастырылыпты.

«I-mektep.kz» электронды бақылау
Айтпақшы, ақпараттық технологиялар жайлы сөз еткенде, мектепішілік электронды бақылау жүйесі туралы айтпасқа болмас. «I-mektep.kz» деп аталатын электронды бақылау жүйесі Шымқаладағы мектептерге 2016 жылдың қараша айынан бастап енгізілген еді. Мақсаты:
— жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу;
— үздік білім ресурстары мен технологияларға білім беру процесінің барлық қатысушыларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету;
— мектеп-ата-ана-оқушы арасындағы байланысты нығайту;
— оқушылардың сабаққа қатысуы, оқу үлгерімі мен тәртібінің көрсеткіштерін электронды түрде бақылау және сапасын арттыру.
— Бүгінгі таңда, бақылау жүйесі 29 мектепке орнатылған. Осы мектептер бойынша жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысына сәйкес, 2016-2017 оқу жылының IV тоқсанында алдыңғы тоқсандармен салыстырғанда сабақтан себепсіз қалу фактісі 75%-ға азайса, оқушылардың оқу үлгерімі 15%-ға жоғарылаған,- дейді Жанат Тәжиева.

 «t-hunter.kz» жұмысқа орналасу мүмкіндігі
Айтпақшы, биылдан бастап балалар ғана емес, мұғалімдер де жұмысқа онлайн форматта қабылданады. «t-hunter.kz» электронды жүйесі 2017 жылдан бастап қолданысқа енді. Жүйе — ашықтық, әділдік қағидаларын насихаттау үшін, конкурс негізінде іріктеуді жүргізуге арналған. Аталған жүйе бойынша білім беру мекемелеріндегі бос орындар thunder.shymkent.gov.kz ресми сайтына жарияланып, құжат тапсырған үміткерлер мекеме басшысы, білім бөлімінің өкілі, ата-аналар комитетінің мүшесі, қоғамдық ұйымның өкілі және БАҚ өкілдерінен құралған комиссия отырысының әңгімелесу кезеңінен «Халық кеңесі» мекемесінде өткізілуде.

Комиссия мүшелерінің шешімі электронды дауыс беру тәсілі арқылы веб-сайтта жарияланып, ең көп дауыс жиған үміткер мекеме басшысына ұсынылады. Бүгінгі күнге дейін конкурстық жүйе бойынша 183 комиссия отырысы өткізіліп, 136 педагог жұмысқа қабылданыпты.
PS. Ақпараттық технологиялардың өмірімізге етене енгені қуантарлық жәйт, әрине. Әсіресе, білім саласының жаңарып, жаһандануына кім қуанбайды десеңізші. Себебі, еліміздің болашағы жас буын өскелең ұрпақтың қолында. Ал олардың білімді әрі сауатты болғаны ләзім.

Айжан Ермекқызы