ЭКСПО көрме-кешенінде мұз айдыны ашылды

1070
ЭКСПО көрме-кешенінде мұз айдыны ашылды

Астана қаласында ашық аспан астындағы ең үлкен мұз айдыны ашылды. Ол ЕХРО көрме-кешенінің аумағында орналасқан. Арнайы құрылғының көмегімен мұз айдынында +10 градус жылылықта да сырғанай беруге болады.

Бұл – Астана қаласындағы ең үлкен мұз айдыны. Аумағы 4000 шаршы метр. 700 адам бір мезгілде сырғанай алады. Компания жобаны өз қаржысына қолға алған. Сондай-ақ, мұз айдынының орналасқан жері де ыңғайлы.

Ерлан Үмбетов, «Mega Ice» компаниясының директоры: «Бұл мұз айдыны ЭКСПО аумағына арнайы жобаланған. Компания мұз айдынын өз қаржысына салды. ЭКСПО көрмесі кезінде туристердің арасында танымал «жалынды» субұрқақтарының арасында орналасқан. Пішіні жағынан мұз айдыны «Нұр Әлем» павильонына бағытталған жебе іспеттес. Мұзға ЭКСПО-ның логотипі жарық бергіш бояулармен салынған. Мұз айдынында кешкі уақытта жарық жолақтар ерекше рең береді.»

Арнайы мұздатқыш қондырғысының көмегімен мұз айдыны +10 градустық температурада да істей береді. Бұл дегеніңіз, сәуір айының ортасына дейін келушілер үшін қызмет ете алады. Сапалы мұз үшін мұз құятын машиналар пайдаланылады.

ЭКСПО көрме-кешенінде мұз айдыны ашылды

Мұнда түрлі өлшемдегі жаңа 1000 жұп коньки жалға беріледі. Конькиде сенімсіз тұратындар үшін жаттықтырғыштар бар. Мұздағы тәртіп пен қауіпсіздікке жауап беретін жаттықтырушылар жұмыс жасайды. Киім ауыстыратын жылы орын, сақтау камерасы мен ыстық тамақ та қарастырылған.

Ерлан Үмбетов, «Mega Ice» компаниясының директоры: «Жаңа мұз айдыны Астанамыздың қонақтары мен тұрғындары үшін ең сүйікті орынына айналмақ. Бұл – таза ауада уақыт өткізудің тиімді мүмкіндігі.»

Айта кетейік, билет бағасы да қалтаға қонымды – 1000 теңге. Мектеп оқушылары мен зейнеткерлер үшін 50 пайыздық жеңілдік бар. Билеттерді ЭКСПО-2017 ресми сайтынан және көрме-кешенінің аумағында орналасқан кассалардан сатып алуға болады.

Жанар Есенбекова