ОҚО салымшаларының зейнетақы жинағы 500 млрд теңгеден асты

217
ОҚО салымшаларының зейнетақы жинағы 500 млрд теңгеден асты

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың шоттарының саны биылғы 1 қазанда 1003 мыңды құрады. Облыс салымшаларының зейнетақы жинақтары жылдың басынан 13,4 пайызға өсіп, 501,6 млрд теңгеге ұлғайды. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының ұлттық банкінің облыстық филиалының директоры Әнуар Ботанбеков мәлімдеді.

Әнуар Амангелдіұлының айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының сыртқы сауда айналымы 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларында 1,9 млрд АҚШ долларын құраған. Соның ішінде экспорт – 720,6 млн доллар, ал импорт 1 134,4 млн долларға жеткен.

– 2017 жылдың 9 айында ұлттық банктің алтын валюталық резеві 10,2 пайызға дейін өсті. Ал ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 56,8 млрд долларды құрады. Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы қарызы бірінші жарты жылдықта 4,2 млрд долларға өсіп, 167,9 млрд долларға жетіп отыр. Сонымен қатар, банктердің кредит беру белсенділігін арттыру жалғасып келеді. Мәселен, жыл басынан банктердің облыстағы кредиттерінің көлемі 4,8 пайызға ұлғайды, – деді Әнуар Ботанбеков.

Бұдан бөлек Оңтүстік Қазақстан облысында жинақталған инфляция деңгейі 9 айда 4,8 пайызды құраған.  Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,4 пайызға төмен болып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі