Сауатсыз жарнама, қауқарсыз маман…

706
Сауатсыз жарнама, қауқарсыз маман...

Тексеру құқығы берілгенмен, тексеру парағы бекітілмеген. Соның салдарынан сауатсыз жарнамаларға тұсау салу мүмкін болмай отыр. Шымкентте өткен коммерциялық нысандардың көрнекі материалдарын реттеу мәселелеріне арналған семинарға жиналғандар жарнаманың талап-ережелерін талқылады. Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының өкілдері тиісті министрлік тарапынан нақты құжат бектілімейінше, мамандардың тек түсіндіру шараларымен шектелетінін айтты.

Сауатсыз жарнама, қауқарсыз маман...

Сауатсыз жарнамамен күрес әзірге осындай күлтөбедегі күнделікті жиындармен ғана шектеліп отыр. Ара-тұра мамандар заңдылықтарды аяқ асты еткендермен түсіндіру шараларын жүргізіп қояды. Ал тілді мазақ еткен тұлғаларға айыппұл салуға келгенде басқарма өкілдері қауқарсыз. Құзыры болғанмен, шара көруге келгенде құқығы шектеулі. Салаға жауаптылар тиісті ведомство тексеру парағын бекітпейінше, ескертуді елемейтіндерге айыппұл сала алмайтындарын айтады.

Айта кетейік, жыл басынан бері жарнама және тіл заңдылықтарын бұзудың 500-ден астам дерегі тіркелген. Оның 300-і біздің араласуымызбен сәйкестендірілгенімен, қалғаны сол баз баяғы күйінде қалып отыр дейді мамандар. Басқарма басшысы жаңа әліпби нақтыланбайынша латынға көшуге асыққан кәсіпкерлердің әрекетін де сынға алды.

Басқарма өкілдерінің сөзіне қарағанда қателіктер көбіне қазақ тіліндегі жарнама мәтіндерінен анықталады. Ал тіркелген заңсыздықтардың 80 пайызы Шымкентте орналасқан коммерциялық нысандарға тиесілі болып шықты.

Мақпал Рысбаева