«Шұғыл шақырылым» – «Отырардағы» ең танымал бағдарлама

485

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары – «Отырар» телеарнасындағы «Шұғыл шақырылым» бағдарламасы жұмыс тобының өкілдері Николай Путилин және Лаура Нахыпқызы.    

 – «Шұғыл шақырылым» – «Отырар» телернасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі. Күнделікті эфирге шығуына атсалысасыздар. Жұмыс қалай басталады?  

  – Күн сайын қаншама оқыс оқиғалар орын алып жатады. Әр түсірілім қызыққа, қарбаласқа толы. 4 адам жұмыс жасаймыз. Оқиға орнына бірінші баруға тырысамыз. 4 журналист бір-біріне көмек көрсетуге әрдайым дайын. Данияр Құдайбергенов, Ернар Балабеков, Николай Путилин, Лаура Нахыпқызы, операторлар Бақтияр Ташполатов, Айтөре Төленді бірігіп, жұмыла жұмыс істейміз. «Шұғыл шақырылым» тобындағылардың барлығы да жастар. Сондықтан да тез, шұғыл жұмыс істеуге тырысамыз.  

 – Оқыс оқиға, жол апаты, өрт болған жерге барғанда түсіруге қарсылық танытатындар бар ма?

   – Әрине, қарсылық танытатындар бар. Қанды оқиғаны көп көрсетуге құмбыл емеспіз. Түсірілім барысында қиындықтар көп болады. Зардап шегуші тарап түсіруге қарсылық танытып жататыны жасырын емес. Дегенмен де оқиға барысын түсіріп, болған оқиғаны қаз-қалпында беруге тырысамыз. Оларды да түсінуге болады. Кейбірі түсіністікпен қарайды.  

 – Бағдарламаны түсіру барысында өкілетті орган қызметкерлері тарапынан келіспей қалған кездер болды ма?    

– Жоқ. Полиция, прокуратура, өрт сөндіру қызметтері әрдайым көмектеседі. Оқиға орын алғанда хабарлап айтады. Бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Жұмыс соншалықты ауыр деп айта алмаймыз. Әр түсірілім қызық көрінгендіктен жұмысымызды ыждағаттылықпен, құлшыныспен жасаймыз.