Шардаралық білекті жігіттер әлемдегі мықтылығын тағы дәлелдеді

595
Шардаралық білекті жігіттер әлемдегі мықтылығын тағы дәлелдеді

Бәрекелді! «Шардара Армспорт» клубының спортшылары әлемдегі мықтылығын тағы да дәлелдеді. Бұл туралы спорт клубының Фэйсбуктегі парақшасында Мырзабай Байқұлов хабарлады.

16-19 қараша күндері Польшаның Румия қаласында армрестлингтен кәсіпқой спортшылар арасында әлем кубогы өтті. Әлемнің ең мықты кәсіпқой спортшылары сайысатын бұл додада Қазақстан құрамасы сапында жерлестеріміз, «Шардара Армспорт» клубының спортшылары қатысты. Білекті жігіттер өздерінің мықтылығын әлемнің 50-ден астам елінің атлеттері алдында тағы да бір рет дәлелдеді.

Жарыс нәтижесінде Қазақстан құрамасы 4 алтын, 4 күміс, 1 қола медалға қол жеткізді. Нақты айтқанда астаналық спортшы Мұратов Әлижан алтын медаль иемденсе, көкшетаулық Илья Ильин қола жүлдеге қол жеткізді. Жамбыл облысының спортшысы Татьяна Верина 1 алтын, 1 күміс медаль иеленді.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы құрамасы атынан шардаралық қол күрес шеберлері 2 алтын, 3 күміс медалға қол жеткізді. Бұл толағай жетістік бір ғана ауданға өте жақсы нәтиже.

Шардаралық білекті жігіттер әлемдегі мықтылығын тағы дәлелдеді

63 келі салмақта сол қолмен күрескен Әбілда Ержан 2-орын иеленсе, осы салмақта оң қолда Қадыр Нұрдәулет те 2-орын алды.

70 келі салмақта Ақтаев Талғат 1-орын алып, екінші рет әлем кубогы иегері атанды.,

78 келі салмақта Шәмиев Мағжан 2-орын алды.

95 келі салмақта Оңғарбаев Қыдырғали 1-орынды иеленіп, үшінші рет әлем кубогы иегері атанды.

Жарыс соңында ең тартысты бәсеке барлық әлем елдерінің түйе балуандары қатысатын ашық абсолюттік категорияда өтті. Бұл абсолюттік салмақ дәрежесінде әлемнің бірнеше дүркін чемпиондарының арасында біздің спортшымыз Қыдырғали Оңғарбаев та өз бағын сынаған болатын. Әлем чемпионы және әлем кубогының үш дүркін иегері Қыдырғали бұл сайыста финалға дейін барып, тек салмағы 160 келіден асатын Грузин балуанына есе жіберіп, жүлделі 2-орынды иеленді.

Ерен еңбегімен осындай дара спортшыларды тәрбиелеп шығарған ұстаздары Арман Романұлы Қарсыбаевты ерекше атап өткіміз келеді. ОҚО бойынша армрестлингтен аға жаттықтырушы Сейфулла Нұрхалықов бастап барған Шардараның шарболат спортшылары осылайша Европа төрінде атой салды. Жерлестеріміздің жеңісі құтты болсын, ағайын!