Шымкентте қылмысты топтың серкесіне іздеу жарияланды

351
Шымкентте қылмысты топтың серкесіне іздеу жарияланды

Шымкенттің полицейлер қылмысты топқа жетекшілік еткен мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне іздеу жариялады. Мемлекеттік органның 38 жастағы бөлім бастығы мұнай ұрлаушыларға басшылық еткен деп айыпталуда.

Белгілі болғандай, Қалдыбаев Данияр Файызрахманұлы ұсталған жағдайда қамауға алу туралы сот санкциясы шыққан. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Күдікті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім бастығы бола жүріп 2015 жылы қылмысты топ құрады, Павлодар-Шымкент мұнай құбырынан шикізат ұрлаумен айналысып келген. Қазіргі таңда Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының криминалды полиция бөлімінде күдіктіге қатысты кылмыстық кодекстің 262-бабы 3-бөлігімен (ұйымдасқан топ, қылмысты ұйым құру және оларға басшылық ету, қатысу), 361-баптың 4-бөлігімен (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) іс қозғалған.

Өңірдің тәртіп сақшылары күдіктіні көрген-білген не болмаса оның жүрген жерін білетіндер болса, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне 8-7252 57-32-66, 20-08-25 нөмірлеріне хабарласуларын сұрайды.