Ел Тәуелсіздігі қарсаңында Шымкент қаласының тұрғындары тамаша тартуға ие болды. Қаладағы қуанышқа бөленген 558 отбасы бүгін қоныс тойын атап өтуде.
Нұрсәт шағынауданында бой көтерген көпқабатты 11 үй «Нұрлы жер» бағдарламасының екінші бағыты бойынша салынған. Жалпы алаңы 31,5 мың шаршы метр болатын үйлердегі 558 баспана кілті Тұрғын үй құрылысы-жинақ банкінің салымшылары мен жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарға берілді.
Әкімшілік-іскерлік орталығында пайдалануға берілген 9 қабатты 48 пәтерлі екі үйдегі баспана кілтін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев, Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаев және қалалық мәслихаттың хатшысы Н.Бекназаров арнайы табыстап, барша тұрғындарды жаңа қоныспен құттықтады.
— Елімізде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде мемлекет қолдауының нәтижесінде облысымызда баспанаға қолы жетіп, қоныс тойын тойлап жатқандардың қатары аз емес. Мәселен, биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 5052 пәтерлі 83 үйдің құрылысы басталған болатын. Бүгін мерекесі қарсаңында осы үйлердің 11-і аяқталып, пайдалануға 558 пәтер беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 1152 пәтерлі 16 арендалық үйді пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Демек, осы айдың өзінде қаншама отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл егеменді еліміздің жемісі деп білемін, — деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы баспаналы болған тұрғындарға балаларының атынан бір-бір ағаштан отырғызып, соны күтіп баптауды ұсынды.
Жалпы, 2017 жылы барлық қаржыландыру көздері арқылы облыста 279 үй салынуда. Онда жалпы алаңңы 995,7 мың шаршы метр болатын 14 694 пәтер бар. Жыл соңына дейін аталған үйлердің 109-ның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.
2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстағы жалпы алғанда жеке және көпқабатты 547,1 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,1 пайызға артық.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі