«Жастардың театр өнеріне деген шексіз махаббатымен қойылым өте сәтті шықты»

611

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары — «Нұр шаңырақ» студенттер театрының алғашқы қойылымының режиссері Мақсат Айтжанов және жас әртістер Бақыт Омар мен Ақмарал Махкам.

— Жаңа құрылған театрдың алғашқы қадамы қалай басталды?

— Мақсат Айтжанов: Бұл театрдың ашылуына себеп көп. Тек оңтүстікқазақстандықтар ғана емес, бүкіл еліміз білетін пединститут шаңырағында ашылып отыр. Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан мемлекетттік педогогикалық университет болып қайта құрылған білім ордасы 80 жылдығын тойлаған болатын. Осы мерейтой қарсаңында жас театр алғашқы қадамын жасады. Ректор Оңалбай Аяшев ілгеріректе студенттік театр ашпақ ойы болған екен. Маған арнайы ұсыныс түсті. Студенттер кәсіби мамандар емес. Негізгі мақсатымыз — студенттерден құрылған ұйым болса, театр әртістері сияқты сахнада спектакль ойнаса деген ұсыныстарын қабыл алып, жұмыс жасап көрдім. Бұған дейін мені облыстық әзіл сықақ театрының көркемдік жетекшісі ретінде таниды. Енді ол театрды тастап кетіпті деген ой болмауы керек. Ондағы жұмысым жалғасып жатыр. Бұ кісілермен келісімге келіп алғашқы қойылымын қойып бердім.

— Жас әртістерді таңдау қаншалықты қиынға түсті? Алғашқы қойылымның қиын тұстары жайлы айтып өтсеңіз…

— Арнайы шақырған кезде бірден келісе қоймадым. Үшінші рет ұсыныс түскенде ғана келісімге келдім. Өйткені кәсіби мамандар емес, ертеңгі күні қойылым шыққанда маған ұят келмей деген ой болғаны рас. Бірақ мен қателескен екенмін. Маған бөлінген студенттердің көбісі іфилология факультетінің студенттері. Ешқандай қиындық болмады. Бәрі ұмытылып тұр. Станиславский айтқандай «99 пайыз еңбек, бір пайыз ғана талант болса жетеді» дегендей бұл жастардың театр өнеріне деген шексіз махаббатының арқасында қойылым өте сәтті шықты.

— Алғашқы қойылым қалай таңдалды?

— Қойылымды басшылықпен бірге отырып таңдадық. Мен өзім заманауи драмаларды ұсындым. Махаббат тақырыбындағы, отбасылық құндылықтарды көтеретін драмалар, тарихи драмаларды да ұсындым. Бірақ басшы Оңалбай Аяшевтың айтқаны «80 жылдық мереке ғой. Осыған орай ашылып жатқандықтан мерекелік көңіл күй сыйлайтын комедиялық қойылым болса деген ұсынысын жеткізді. Содан бірнеше комедияны алып барып студенттермен ақылдастық. Қанат Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» қойылымына таңдау түсті.

— Бақыт, өзіңе қандай роль бұйырды, қиынға түсті ме?

Бақыт Омар: — «Алғашқы махабабат» қойылымындағы Қанат 11 сынып оқушысы. Қаладан келген жас мұғалимаға бала Қанат алғашқы махаббаты оянып ғашық болады. Сол образды алып шықтым. Қиындық болған жоқ. Өзім өлең жазамын. Қанат та қиялшыл, поэзияға жаны жақын. Сондықтан мен үшін аса қиынға түспеді.

— Ақмарал, өзіңе қандай роль бұйырды?

Ақмарал Махкам: — Мен осы қойылымдағы Қанаттың сыныбында Айткүл және Сайра деген екі қыз болады. Қайыржан деген досы болады. Екеуі бір біріне қас сияқты мінез танытады. Мен Сайраның ролін алып шықтым. Режиссер Мақсат ағамен жұмыс істеу өте оңай, қызық болды. Ешқандай ауыртпалық болған жоқ. 23 күннің ішінде дайындықты аяқтадық.