Ақтөбе облысында 52 адам тірідей жанып кетті

499

Ақтөбе облысында автобус өртеніп, ондағы 52 адам адам тірідей жанып кетті, – деп хабарлайды ktk.kz. Барлығы Ресейге бағыт алған Өзбекстан азаматы. Ал жолаушыға лық толы көлік жүріп келе жатып жанған. Өрт лезде күш алғанда, салондағы 57 адамның бесеуі ғана шығып үлгеріпті.

Бұл оқиға күндіз астана уақытымен сағат он жарымдардың шамасында Ырғыз ауданына қарасты Қалыбай ауылы маңындағы Самара-Шымкент халықаралық тас жолында болған.Ол – облыс орталығынан 320 шақырымдай жер. «Икарус» автобусында 57 адам болыпты. Оның 52-сі тірідей жанып кеткен.

Барлығы – Өзбекстан азаматтары. Болжамға қарағанда, жолаушылар от тұтанған кезде ұйықтап кеткен болуы мүмкін. Дегенмен, өрттің қалай шыққанын анықтау үшін әлі де тексеру жүріп жатыр. Бізге белгілі, болғаны жолаушылар тасымалымен айналысқан автобус Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғынына тиесілі. Мемлекеттік нөмірі Х335 ТСМ. Жүргізуші аман қалған.

Ақтілек Тағыбергенқызы: Ақтөбе облыстық ТЖД бас маманы: «Алдын ала сандарға байланысты 52 адам қаза тауып, бес адам тірі қалған. Қазіргі кезде департаменттің, аудандардың құрылымдарының штабы жұмыс істеуде. Оқиға орнына облыс әкімінен бастап, жұмыс тобы кетті».

Бұл оқиғаға байланысты қазір облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте арнайы штаб құрылды. Оның құрамында құтқарушылардан бастап, әкімдіктің бірқатар басқармаларының өкілдері де бар. Олар қаза тапқандарды облыс орталығына жеткізіп, одан әрі өз елдеріне жөнелтуге көмек көрсететін болады. Ал аман қалған бес адамның жағдайына келер болсақ, жарақатары жеңіл көрінеді. Олар күйіп қалған. Жеткізуге арнайы топ жіберіліпті.

Гүлсезім Дәулетова, Ақтөбе облыстық ТЖД қызметкері: «Екеуі Қазақстан азаматы, қалған үшеуі Өзбекстан Республикасының азаматы, жарақаттары жеңіл. Жеңіл жарақат».

Ақпараттарға қарағанда тірі қалған бесеудің үшеуі қазақстандық. Олар оңтүстік Қазақстан облысының тумалары. Үшеуі автобус жүргізушісі мен көмекшілері болуы мүмкін. Олар: Мақсат Пернебеков, Нұржан Қырғызбаев пен Барат Таңатаров. Ал аман қалған екі өзбекстан азаматы Ахрор Искаков пен Исраилджон Мирзахмедов.

Мәйіттерді қашан жеткізетіні әзір белгісіз. Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары бастаған комиссия кетті. Олар керек-жарақпен қамтамасыз етеміз деп отыр.