Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 жалпы орта мектебінде «Bookcrossing” акциясы басталды. Bookcrossing – ағылшын тілінен аударғанда «кітапты айналымға шығару» немесе «кітап сыйлау» деген мағынаны білдіреді. Бұл жолғы акцияға осы мектептің 9-сынып оқушылары қатысты.
Акция шарты бойынша шараға қатысушы әрбір адам өзі оқып-танысқан кітабын жақын досына ұсынып, өзі де келесі оқырманнан бір кітапты сыйға алады. Оқушылардың барлығы көркем әдебиет кітаптарын ала келген. Олардың әрқайсысы өздері оқыған, елімізге белгілі жазушылардың туындыларынан қысқаша мазмұндама айтты. Сонымен қатар, оқырманды қызықтыру үшін тиімді тұстарына да тоқталды.
Сондай-ақ, акцияға қатысушы жастар «Буккросинг» жүйесі туралы ақпарат беріп, түрлі ойындар да ұйымдастырды. Айта өтейік, акцияны ұйыдастырушы ұстаздардың айтуынша бұл қазіргі жастарға өте керек акция. Бүгінгі технологияның дамыған кезінде оқушылардың тіл байлығын дамытып, оларды әдебиет пен көркем шығармаға жетелеу үшін таптырмас мүмкіндік.
Жанерке Хумар