«Нұрсәттегі» екінші жаңа мектеп жұмысын бастады

853

Әкімшілік іскерлік орталығындағы 1200 орынды жаңа мектеп өз жұмысын бастады. Бүгін білім ордасында қоңырау соғылып, сабақ өтіп жатыр. Қысқы демалыстан шықан №80 мектептің 830 оқушысы 3-тоқсанда жаңа білім ордасына ауысыпты. Бұдан бөлек қаланың өзге мектептеріне қатынап жүрген 116 оқушы да үйіне жақын мектепке барыпты.

Үшінші тоқсанда жаңа мектептің табалдырығын аттаған балғындардың қуаныштарында шек жоқ. Әдетегідей мұнда алғашқы сабақ тәрбие сағатына арналыпты. Аз ғана уақыттың ішінде ұстаздар оқушыларға мектепті таныстырып, білім алатын алтын ұяларын қадірлеп, өздері үшін жасалған дүниеге жанашырлықпен қарауды үйретуге тырысты. Бұған дейін №80 мектепте үш аусымда білім алып таршылықта қысылған балалар енді осы жаңа зәулім ғимаратта сабақтарын жақсы оқуға уәделерін беріп жатыр.

Естеріңізге салар болсақ, бұл жаңа мектеп еліміздің Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерекесі қарсаңында қолданысқа берілген болатын. Мұнда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай барлық қажеттіліктермен жабдықталған 2 спортзал, асханасы бар. Білім ошағының салтанатты ашылуына келген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облысымыздағы білім мекемелеріндегі үш аусым мәселесін шешу үшін барлық жағыдай жасалатындығын тілге тиек етіп кеткен еді. Осы 1200 орынға шақталған мектепке баламды оқытам деп бала жетектеген ата-аналар әлі де жеткілікті екен .

Бұл мектепте 60-тан астам ұстаз еңбек етеді. Әкімшілік іскерлік орталығында жаңа баспана санының өсуіне байланысты халық тығыз қоныстанған. Сол себепті сала мамандары әлі бұл білім ошағына оқушылар келеді деп жоспарлап отыр.

Нұрлан Күдерұлы