ОҚО-дағы «Ырыс» МҚҰ былтыр 2293 жобаны қаржыландырды

421

Оңтүстік Қазақстан облысындағы төменгі пайызбен несие беретін «Ырыс» микроқаржы ұйымы өткен жылы 6 599,7 млн. теңгені құрайтын 2293 жобаға қаржы бөлген. Ал алдыңғы жылы жалпы сомасы 4 831,3 млн.теңгеге 1979 жобаны қаржыландырған.

Өз кәсібін бастаймын немесе әрі қарай дамытамын деген кәсіпкерлерге төменгі пайызбен қол жетімді несие беретін ұйым, қаржыландырудың басым бөлігін ауыл шаруашылық саласы мен әлеуметтік маңызы жоғары болып саналатын жобаларға бөліп келеді.

«Ырыс» микроқаржы ұйымы жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражаттан бөлек басқа да қаржы институттары арқылы әр түрлі бағдарламалар аясында қаражат тартып, несие ретінде кәсіпкерлерге үлестіреді. Мәселен,  «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы мен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017 – 2021» бағдарламасы аясында, өткен жылы қаржы институттары арқылы тартылған қаражатты толығымен игеріп, 1042 жобаға 3 164,1 млн. теңге несие таратты.

Бұл  көрсеткіш алдыңғы жылдағы несиелендірілген жобаларға қарағанда   (477 жоба, 1 426,0 млн.теңге ) 122 пайызға артқан. «Көктемгі егін егу-жинау» бағдарламасы бойынша қаржыландырылған жоба саны 2016 жылы 834 (1 387,9 мнл. теңге)  болса, 2017 жылы 880 жоба (1 500 ,0 млн теңге) қаржыландырылып, нәтижесінде көрсеткіш сегіз пайызға артты. Сондай – ақ, «Ырыс» микроқаржы ұйымы өткен жылы өз қаражаты есебінен 371 жобаны (1 935,6 млн.теңге) несиелендірді.

Айта кетейік,  ұйым жұмысын бастаған осы уақытқа дейін жалпы соммасы  29,6 млрд. теңгені құрайтын 16 139 жобаға қолдау көрсеткен. Ырыстан қолдау тапқан жобалар аясында  14 193 жаңа жұмыс орны ашылған.