Шымкент-Ташкент бағытында автобус қатынайтын болды

432

Бүгіннен бастап Шымкент-Ташкент бағытында автобус қатынайтын болады. Бұл бағыт бойынша халықаралық автокөлік тасымалын жүргізу үшін өткен жылдың 26 желтоқсанында рұқсат берілген болатын. Енді автобустар сағат сайын екі қала арасында жүретін болады. Яғни, күнделікті таңғы 6-дан кешкі 20:00-ге дейін жүреді.

Шымкенттен шыққан автобус Ташкентке 4 сағатта жетеді. Бұрындары таксимен жүйкелеп жететін жұрт енді жайлы автобустармен кедергісіз қатынайтын болады. Жолаушылардың қол жүктері кедендік тексеру мен шекаралық бақылаудан кезексіз өткізілмек.

Қазақстан жағынан «KazNetworkBus» ЖШС-і, ал Өзбекстан жағынан «ManzaraTourism» ЖШҚ тасымалдаушылар болып белгіленген. Алдағы уақытта екі елдің басқа да ірі қалалары арасында тұрақты автобус қатынасы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба биылғы жылы жүзеге асырылмақ. Ташкентке қатынайтын автобустар Ескі автовокзалдан бағыт түзейтін болады.