Жылу берушілер аязды күндерге дайын

375

Синоптиктердің күн райы суытады деген мәлімдесінен кейін, жылу берушілер де қамдана бастады. Шымкенттіктер тоңып қалмас үшін «3-Энергорталық» АҚ, «Қуатжылуорталық-3» мекемелері күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Қалада бес диспетчерлік қызмет тәулік бойы жұмыс жасайды. Тұрғындар да қол қусырып отырмай пәтерлері мен подъездеріндегі есік терезелерді қымтап әрекет жасауы тиіс дейді.

«3-Энергоорталық» АҚ басқарушы құрамы кестеге сәйкес тәулік бойы кезекшілікке көшкен. «Қалаға қажетті жылуды өндіретін орталықта қазіргі таңда 2 энергетикалық қазандық пен екі турбина жұмыс жасап тұр», – дейді мамандар. Айта кететін жәйт, жылу беру маусымы аралығында №1 энергетикалық қазандық күрделі жөндеуден өтіп, қосымша жабдықтары да жаңаланған. Қазгидрометтің мәліметі бойынша бүгін Шымкентте 4 градус 0-ден жоғары, сондықтан орталықтан шыққан температура 75 градус.

Бауыржан Байымбетов, «3- Энергоорталық» АҚ бас инженерінің міндетін атқарушы: «Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің аяз болады деген жедел хабарламасына сәйкес мекемедегі басқарушы құрам арасында кезекшілік ұйымдастырылған. Өзге қызметтер кестеге сәйкес жұмыстарын атқаруда. Қалада газбен және көмірден қызу алатын бес дербес қазандық істеп тұр. Олардағы температуралық режим ауа температурасына байланысты өзгеріп тұрады».

Орталықтағы жылуды тұтынушыларға жеткізу міндеті «Қуатжылуорталық-3» мекемесіне жүктелген. Шымкентте -18-20 градусқа дейін аяз күтілуде деген хабарламадан соң, күшейтілген кесте бойынша жұмыс атқаруға кіріскен.

Пердебай Сәбитов, Қуатжылуорталық-3 МКК бас инженері: «Қазіргі күні 8 бригада жасақталған. Қандай да шақырту болса тез арада барады. Қалада 4 диспетчерлік қызметі жұмыс атқаруда».

«Аязға магистральды құбырлар мен орамішілік жүйелер шыдас берсе болғаны. Өйткені қаладағы жылу жүйелерінің 40 пайызы тозығы жеткен»,-дейді сала мамандары. Оған қаладағы орталық көшелердегі жүйеде орын алған ақау дәлел. Көпқабатты үйлердегі жылу жүйелері жаңаланбаса, мардымды жылу жертөледен пәтерлерге көтерлімейтіні тағы бар.

Егерде жылу жүйесінде ақау орын алса, 44-82-37, 44-81-39, 50-50-50 , 44-82-36, 27-07-82.
8-702-360-22-71 байланыс телефонына хабарласыңыз. «Қуатжылуорталығы-3» мекемесінің диспетчерлік қызметі қабылданған әрбір хабарды қараусыз қалдырмайды. Естеріңізге сала кетейік, пәтеріңізде не жер төледе құбырыңыз жарылып, жылуыңыз болмаса 53-00-15, немесе 545-545 телефонын теріп қала әкімдігіне қарасты диспетчерлік қызметінің кезекшілерімен де байланысуға болады.

Шынар Оразова