Біткен іс те бар, шешімін күткен мәселелер де шаш етектен

553

Біткен іс те бар, шешімін күткен мәселелер де шаш етектен. Сайрам ауданы әкімі былтырғы жылды қорытып, халық алдында есеп берді. Кездесуге келген бұқара тұрмыс тауқыметінен бастап, жемқорлық жайын да ашып айтты.

Жылдар бойы күрмеленген күрделі мәселелерге аудан басшысының назарын аударғысы келді.
Мамаев мырзаның есебін тыңдауға өңір басшысының өзі келді. Өткен жылда атқарылған жұмыстарды тізбектеп шыққан аудан әкімінің сөзіне сенсек, барлық салада өсім бар. Сайрамдықтар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында да көбісінен көш ілгері. Басқасын айтпағанда, халықты жұмыспен қамтуда да қарқын байқалады.

Дегенмен, сотқа дейін ұласып, түйткілі әлі күнге тарқатылмаған түйіндер де жетерлік. Мәселен, сауда-саттық, кәсіпкерлік кең құлаш жайған мекенде саудагерлерден береке қашып тұр.

Бұл жәйт кезінде біздің де назарымызға іліккен-ді. Осыдан жарты жыл бұрын арнамызға арыздана келген бір топ кәсіпкер жылдар бойы дөңгелетіп отырған шаруаларының шатқаяқтап тұрғанына шағымданып еді. Енді бұл мәселеге аудан басшысы арласып отыр.

Десе де, бейнетке бейім сайрамдықтардың өнеркәсіпті өркендетуде өз өрнегі бар. Сүт, көкөніс, жеміс-жидек өндіруде тынымсыз халық бүгінде қара оздырмай келеді. Былтыр ауданда 58 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, сансыз баптар мекені өңірде үздік үштікті түйіндепті. Алайда өндірісін өркендетіп отырған өлкеде әлі күнге дейін құдықтан су ішетін тұрғындардың тұратыны өкінішті.

Десе де тағайындалғанына бірер ай болған ауданның жаңа басшысы сансыз баптар мекенінің сансыз проблемасына қанық екенін байқатты. Ал өңір басшысы есептік кездесуге келген тұрғындардың мұқтаждығын мұқият тыңдап, әлеуетті пайдаланып күш біріктіруге шақырды.