Парамен ұсталған Кентау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды

483

Оңтүстік Қазақстан облысында парамен ұсталған Кентау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды. Қалалық сот Б. Қ-ны айыпты деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды inform.kz.

Кентау қалалық сотының судьясы Ақылбек Дәуренбековтың айтуынша, айыпталушы шенеунік Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2 бөлігімен («Пара алу») кінәлі деп танылған. Сот үкімімен ол енді жазасын орта дәрежедегі қауіпсіздік түрмесінде өтейтін болады. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызмет атқарудан шеттетіліп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, ол өткен жылдың қазан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның облыстық департаментінің қызметкерлері өз үйінде ұстаған болатын. Ол әкімдікте экономика және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық саласын қадағалаған. Сондай-ақ әкімдікке қарасты кәсіпорындардың жұмысын бақылаған.

Шенеунік осындай жауапты салаларды қадағалай отырып, 3,5 млн теңгені әкімдікке бағынышты құрылыс компаниясынан пара ретінде  алған. Яғни, «2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстарына аударылған соманың 15 пайызын пара ретінде алу кезінде ұсталған еді.