Жасөспірімдер полиция жұмысымен танысты

794

19-24 ақпан аралығында өткізіліп жатқан «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» республикалық акция шеңберінде Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-нің қызметкерлері жасөспірімдермен экскурсия ұйымдастырып, полиция қызметі туралы айтып берді. Акцияның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, жастардың құқықтық сауатын ашу. Іс-шараға 100 мектеп, колледж және білім беру мекемелері ат салысты.

Акция барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдерді Әл-Фараби ПБ-нің жұмысымен, кезекші бөлім мен қызметтік кабинеттерді көрсетіп, тергеушілер мен анықтаушылардың күнделікті қызмет барысымен таныстырды.

Содан кейін мектеп оқушыларына ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларды жеткізетін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының ғимаратын көрсетті. Ювеналды полиция қызметкерлері әртүрлі құқықбұзушылық пен қылмыстардың, олардың жауапкершіліккке тартылатыны туралы балалармен тақырыптық дәрістер мен әңгімелесулер, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

ОҚО ІІД-нің мұражайына полиция қызметкерлері мен олардың туыстары сақтауға берген экспонаттармен, сондай-ақ, Ішкі істер органдарының тарихымен танысқан балалар ерекше әсер алып қайтты.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша өткізіліп жатқан іс-шараның жасөспірімдерге маңызы зор, тәртіп сақшыларының күнделікті қиын да қызықты жұмысын жақынырақ тануға мүмкіндік береді, жастарды тәрбиелеуде азаматтық және адамгершілік тұрғыда қалыптасуына оң ықпалын тигізеді.