Қазығұрттықтардың табиғи газға қосылмауына кім кінәлі?

535

Партиялық бақылау комиссиясында Қазығұрт ауданының Алтын төбе, Көкібел ауылдық округтері тұрғындарының табиғи газбен қамтылмауының себебі анықталуда. Ең сорақысы, ауыл төңірегіне газ жүйесінің тартылғанына 4 жыл болыпты.

Құрылысты 2012 жылы бастап 2014 аяқтаған «Спецтехдор» серіктестігі нысанын «Қазтрансгаз аймақ» АҚ ОҚӨФ қабылдамауда. Оның себебі де бар.

Нұрмахан Жолдасов, «НұрОтан»  партиясының  ОҚОФ төрағасының  бірінші орынбасары: » Нысанның басында болдық. Қазығұрт ауданындағы Алтын төбе және Көкібел ауылдық округтерінің тұрғындарын газбен қамтылмай отырғанының бірде бір себебі, 1 ,5 шақырым аралығында құбыр ұмыт қалған. Онсыз нысан  сараптамадан қалай өтті, жобалық-сметалық құжаты қалай жасалған, неліктен 2014 жылдан бері бұл мәселе шешілмей келеді? Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады. Ең бастысы  халыққа тез арада газды қосып беруіміз керек».

Қазығұрт ауданындағы газ жүйесін салған  «Спецтехдор» серіктесігінің  бас инженерінің  мәлімдеуінше,  «құрылыс  барлық сараптамадан өтіп, 2012 жылы басталған. 2014 жылы аяқталған тұста, атқару техникалық құжатты «ҚазТрансгаз Аймақ» АҚ  облыстағы өндірістік филиалына  тапсыру барысында 1 шақырым 440 метрдей  қосатын құбыр жетіспейтіні анықталған. Ол ЖСҚ енгізілмеген. Біз тек  басты құжаттағы жұмыстарды жасағанбыз. Енді 2014 жылдан бері нысанды тапсыра алмай, күтіміне шығындалудамыз. Жобаның түпнұсқасымен емес, көшірмесімен жұмыс жасаудамыз».

Жобалық-сметалық құжаттың түпнұсқасын табуып беру міндеті облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасына тапсырылды. Ол табылмаса нысанның қосылуы екі талай. Талап бойынша газшыларға басты құжаттың түпнұсақсы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі  керек.

Комиссияның отырысына арнайы шақыртылған облыстың бас газшысы Жексембинов мырза елдімекендерді тез арада газ жүйесіне қосу үшін өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз дейді .

Ержан Жексембинов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚОФ директоры: «Қолымыздан келген көмекті көрсетуге дайынбыз. Алайда мердігерде жобалық-сметалық құжаттың түпнұсқасы жоқ».

«Газ жүйесін талаптарды орындамай асығыс қоса салудың зардабын осы күнге дейін көрудеміз», – дейді нұротандықтар. Сондықтан да нысанды пайдалануда ақаулар орын алмас үшін жобалаушылар мен техникалық бақылау, сарапшы мамандарға талап күшейтілуі тиіс. Қажет болса оларды жауапқа тарту керек деп есептейді комиссия мүшелері.

Абдулла Ахметова, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі: «Не деген жауапсыздық? ЖСҚ жасаған жобалаушы мекеме, сараптаманы жасаған  мамандарды жауапқа  тарту керек. Қалай болса солай жаза салып, қалай болса солай қол қоя салу дегенді доғару қажет. Бюджеттен қаржы бөлінді ме талапқа сәйкес жұмыс жасасын. Кінәлілерге қатысты шара көрілуі тиіс. Сонда басқалары жұмысқа мұқият болады».

Жан-жақты талқылаудан комиссия Алтын төбе, Көкібел ауылдық округтерінің халқын табиғи газбен қамтуды Қазығұрт ауданы әкімдігі, мердігер мен газшыларға тапсырды.

Арысбек   Ахаев, «Спецтехдор» ЖШС -нің  инженері: «Қазтрансгаздың» мамандарымен  бірге  жұмыс жасаймыз. Солардың талабын орындауға тырысамыз. Ендігі жұмыстар өз есебімізден жүргізіледі. 20 сәуірге дейін бәрін қосып береміз».

Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының облыстық партиялық бақылау комиссиясының қадағалауында болады.