Бәйдібек ауданында жарықтандыру жұмыстары жарымай тұр. Кеңес дәуірінде орнатылған электр бағаналары ауа райына шыдас бермей бүгінде қирауға шақ. Өткен жылда атқарылған жұмыстарды қорытып есеп берген аудан басшысы Бахытбек Танагөзов осылай дейді. Алайда, бәйдібектіктер бұл мәселені шешуде заманауи әдіске жүгініп көрмек. Бұл жобалар қаншалықты жемісті болмақ?
Бүгінде Бәйдібек ауданындағы электр бағаналарының 60 пайызының тозығы жеткен. Сонау Кеңес дәуірінің көзін көрген желілер жаңартуды қажет етеді. Былтыр ауданда 7 елдімекенде электр қуаты жетіспейтін көшелерді сапалы жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліпті. Биыл да демеушілер қолдауының арқасында талай халық үздіксіз электр қуанына қол жеткізгелі тұр. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, мұнымен де жарық түйіткілінің толық шешілмейтін түрі бар.
Алайда электр сымдарының қас жауы болып тұрған ауданның ауа райына шетелдіктер қызығушылық танытып отыр екен. Желден, күннен энергия өндіру жобасын іске асыру үшін жергілікті билікпен қоян қолтық жұмыс істеуге дайын. Ауданды жарыққа жарытып қана қоймай телегей табыс табамыз деп отырған арабтар бастамасының да жемісін беретін күн жақын дейді аудан басшысы.
Табыс демекші, аудан әкімінің сөзіне қарағанда қазір халықты асырайтындай, бюджетке қомақты қаражат әкелетіндей ауыз толтырып айтарлық кіріс көзі болмай тұр. Бәйдібектіктер 90 пайыз үкіметтен дотация алады. Жергілікті билік өкілдері қазір жергілікті халыққа талғажау болатын жобаларды қарастырып жатырмыз деп сендірді.