Ескі Иқанда әлеуметтік сауда орталығы ашылды

1338

Түркістан қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңа әлеуметтік сауда орталығы ашылды. Тұрғындардың қуанышын еселеген әлеуметтік сауда орталығында азық-түліктен бөлек, 20-ға тарта қызмет түрлері бар,-деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Ауыл тұрғыны К.Камалов бұл жобаны іске асыру үшін Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөлімі арқылы арнайы курстан өткен. Кейін қаржылай қолдау тауып, “Түркістан-несие” ЖШС мекемесінен 6 пайызбен 18 млн. теңге несие алып, осы сауда орталығын ашқан. Қазір мұнда 30-ға жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кетерлігі, жергілікті кәсіпкер өз ісін ашуға Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағыты арқау болып отырғанын алға тартады.

Ескі Иқан ауылы халқы көп болғандықтан, мұнда үлкен дүкендер жоқтың қасы. Жергілікті халық күнделікті қажеттілік үшін Түркістан мен Шымкент қалаларына сабылатын-ды. Нысанның ерекшелігі, сауда қатарларында отандық өнімдерге басымдық берілген. Мұндағы азық-түлік өнімдері баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қаладағы сауда орындары және базарлармен салыстырғанда бағасы қолжетімді яғни, әлеуметтік дүкен бағытында қызмет көрсетеді.