Квастан келер қауіп жоқ…

731

Балмұздақтың ащы дәмін татқандарға қарап, өзгелер сабақ алуда. Шымкентте көше бойында квас сататындар алдын-ала қамданып қойыпты. Тәуке хан даңғылының бойында квас сататын нүктелер көп. Олардың санитарлық жағдайы қандай? Қоспасын кім тексереді?

Күн жылына Тәуке хан даңғылындағы квас сусынын сататын нүктелердің саудасы қызады. Әзірге ауа-райының салқындығынан санаулы ғана алушыны көресіз. Сауда нүктелерінің сатушылары салқын суды талапқа сай сатамыз деп ақталды. Айтуларынша, балмұздақтан шыққан шудан кейін құжаттарын құнттап, қоспасын қатаң талаппен жасайды.

Айтуларынша қолдарында барлық сертификаттары бар, санитарлық-эпидемиологиялық орталық мамандары әрдайым тексеріп тұрады екен.

Өз ісіне сенімді сатушылар «тұтынушылардың құқығын қорғау міндетіміз» деп отыр. Бірнеше жылдан бері квас сусынын саудалауды кәсіп еткендер әбден машықтанып алғанын байқадық.

Тағы бір сауда нүктесінің қожайыны, сенімсіздік танытып тұрғанымызды байқап, өнімнің қалай жасалатынын көрсетіп берді. Сапасын үнемі қадағалайтынын айтып, халықтың қамын жасаймын деп уәде етті. «Біз барлық өнімді зертханаға өткізіп, қорытындысын алғаннан кейін ғана саудаға шығарамыз. Квас ашытатын цех барлық санитарлық талаптарға сай жабдықталған», -дейді.

Жасыратындығы жоқ, 20 жылдан бері квас ашытумен айналысатын кәсіпкерлердің тазалығы мен өнімдерінде әзірге мін жоқ. Ал бұл кәсіпкерлердің жұмысын қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары жіті бақылауында ұстайтын көрінеді. Айуларынша, жылына бір рет тексеріп тұрады.

Әбдіманап Төлебаев, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің маманы: «Біздің ауданда 5 квас ашытатын орын бар. «Барно» және «Фараон» сауда нүктелері өткен жылдың маусым айында тексерілді. Бұл кәсіпкерлер елеусіз топқа жатады, сол себепті біз оларды жоспарлы тексереміз».

Осылайша кәсіпкерлердің елеусіз тобына жататындар жылына бір рет тексеріледі. Ал осы аралықтағы сапаға кәсіпкерлердің өздері жауапты. Олай болса, көшеден квас ішіп, балмұздақ жеймін десеңіз өзіңіз сақ болғаныңыз жөн.
Нұрлан Күдерұлы