«Нұр Отанның» көшпелі қоғамдық қабылдауы Түркістанда өтті

545
"Нұр Отан" партиясының ОҚОФ көшпелі қоғамдық қабылдауы Түркістанда өтті

Түркістандық  Айжан Әбуова нұротандықтар қоғамдық қабылдау өткізеді дегенді естіп, алдын ала жазылыпты. Мүмкіндігі шектеулі жан «жағдайы жасалған көпқабатты жаңа үйлерден баспаналы болсам», – дейді.

Айжан Әбуова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Әбден шаршадым, үйім зәктеніп кеткен, тұруға мүлдем жарамайды. Әкімдіктегі мамандарға келіп айтсам, еш шара көретін түрі жоқ. Балаларымның өзі жиі ауырады, мүмкіндігі шектеулі. Өзім мектепте еден жуамын».

Айжан қазіргі тұрып жатқан баспанасын да кезегі келгенде әкімдік бөлген екен. Азаматша өз қалауымен сол үйге қоныстанған. Облыс әкімінің орынбасары бұрын Түркістанды басқарған Әліпбек Өсербаев мәселеге қанық болып шықты.

Әліпбек Өсербаев, облыс әкімінің орынбасары: «Айжан, біз сіздің өтінішіңіз бойынша  жұмысқа орналастырдық. Үйлерді салып біткенде, сұрауыңыз бойынша  кезекте тұрғандықтан сол жеке үйлерден бөлмелерді беріп едік. Енді міне әңгімеңіз… Үйіңіз көгерсе, пешті жөндемейсіз бе? Үйге қарамайсыз ба? Күтім  жасау керек қой. Бұл азаматшаны кім қайта кезекке қойды? Мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде баспаналы болды. Ол үйде тұрып , енді жарамсыз деп  көпқабатты жаңа үйден пәтер алмақшы. Бұл қалай? Кезекте 6 мыңға жуық адам тұр. Оларды баспанамен қамтуымыз керек».

Бұған дейін баспанамен қамтылған азаматшаның сауалымен қаланың жаңа басшысы айналысатын болды. Пешін жөндеуге көмек берілетін болып шешілді. Қоғамдық қабылдауға жазылған оншақты азаматтың бір бөлігі осылай – баспана, қалғаны жұмысқа орналасу бойынша көмек сұрай келген.

Түркістандық азаматша қабылдауда

Ал, Түркістанда өтетін шара жайлы әлеуметтік желіден естіп келген Әшірбек Құлтаев мал ұрлығына қатысты тергеу амалдарына көңілі толмайтынын жеткізді.

Әшірбек Құлтаев, өңір тұрғыны: «Малымыз ұрланып жатыр. Арыз жазамыз. Алайда тергеу амалдарын бастады ма, ол бойынша полицейлер не әрекет жасап жатыр, соны білейін деп едім. Хабар ошарсыз отыра  береміз. Он бір балам бар. Барлығымыз мал бағып күн көріп отырмыз. Мал ұрлана берсе, жағдайымыз не болмақ?».

Қоғамдық қабылдаудың көшпелі отырысына қатысқан Түркістан қаласының прокуроры да бұл мәселені бақылауына алатынын айтып сендірді.

Руслан Әбдраимов, Түркістан қаласының прокуроры: «Тергеу амалдары жүріп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Жауаптылар жұмыс жүргізуде. Алайда  Бәйдібек ауданында ұрланғаны анықталса, іс сол жерге жолданады. Қандай  тергеу амалдары жүргізіліп жатқанынан хабарсызбыз дейсіз. Келіңіз, мен сізге хаттамалардың көшірмесін беремін. Ондағы  қандай амалдар  жүргізіліп жатқаны жайлы  тіс жарып ешкімге айтпауға келісім беруіңіз шарт».

Осылайша, қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелердің барлығынан жауаптылар хабардар болып шықты. Жергілікті  әкімдіктерге осы азаматтарға мәселелерінің мән жайы, заңдылықтар мен мемлекеттік бағдарламалар жайында толыққанды мәлімет беріліп, түсіндірілгенде, олар қоғамдық қабылдауға келмейтін бе еді.

Ең бастысы нұротандықтардан жұмысқа орналасу жөнінде өтініш жасағандардың бірін осындағы облыстық мәслихаттың депутаты жылыжайға орналастырамын деп уәде берсе,  мамандығы бойынша жұмыс таппаған  жалғызбасты  келіншекке  балабақшадан жұмыс та табылды. Тағы бір айта кететін жәйт, «ата-аналарға қамқорлық жасау тек  мемлекеттің міндеті емес  балаларының да парызы екенін ұмытпағанымыз жөн», деп қорытындылады шараны  қоғамдық қабылдауға төрағалық еткен Нұрмахан Жолдасов.