Сайрам ауданында өңіраралық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

565

Бүгін Сайрам ауданында өңіраралық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Онда Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 120-дан астам жұмыс беруші қатысты. Шаруаға бейім, кәсіпке икемді сайрамдықтарға түрлі ұсыныстар айтылып, мүмкіндіктер таныстырылды.


Екі қолға бір күрек іздеп келген Майра Бердалиеваның мақсаты – мемлекеттік қызметте жұмыс істеу. Бұл салада азды-көпті тәжірибесі бар маманның арманы асқақ. Өзге өңірден келген жұмыс берушілермен кездескен ол ұсынылған жұмыс орындарының көңілден шыққанын айтады.

Еліміздің еңбек күші тапшы 4 облысынан келген өкілдер 4 мыңға тарта жұмыс орындарын ұсынды. Егін мен мал шаруашылығын түлетуге сұранып тұрған өңірлерде маман тапшы. Білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау нысандарында да бос жұмыс орындары баршылық. Жұмысшы жетіспей жатқан бұл аймақтарда кәсіппен айналысуға да мүмкіндік молынан.

Еңбек нарығындағы теңгерімділік мәселесін шешу мақсатында осыған дейін оңтүстіктен мың жарым мүшесі бар 300-ден аса отбасы солтүстік өңірлерге қоныстанған. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл тіпті қызғалы тұр. Себебі, еңбекке бейім, шаруаға төселген күнгейліктер бүгінде тұрмысын түзеп, тіпті, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр дейді басқарма өкілдері.

Сайрам ауданында бүгінде 42 мың адам өз-өзін жұмыспен қамтыған болса, 700-дей тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Салаға жауаптылар осынау тұрғындар арасында қазір тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ал өзге өңірлерден келген жұмыс берушілер еңбекке қабілетті жандарды құшақ жая қарсы алуға әзір. Тіпті өңірлердің ахуалымен таныстыру үшін алдағы уақытта арнайы сапар ұйымдастыруға да дайын екендіктерін жеткізді.