«Уақыт жоқ…»

1144
bibo.kz

Осы сөзді күніне сан мәрте қайталаймыз. Жиі. Бәріміз де. Расында шыр көбелек дөңгеленген дүние уақытты зырылдатып алға айналдыруда. Жан бағыстың жарапазанымен жүріп, жан жағымызға мойын бұруға мұршамыз жоқ.

Жұмыс күні басталғанымен аптаның аяғы болып қалғанын байқамай да қаламыз. Таң атады. Күн батады. Артқа оралмайтын уақыттың соншалықты жылдам жылжуы таңқалдырады да. Сенделіп, бос жүргендер аз. Тым аз.

«Ура, ура» бізде бәрі жақсы, дамудың даңғыл жолына түстік» деп ертегі айтып беретін кейбіреулердің әпсаналары да шаршата бастады. Ақпарат көздерінің хабарын шынайы шындық жоққа шығарады. Көгілдір экрандағы өмір басқа, ал өмір мүлдем басқа. Қабыспайды. «Шіркін-ай, расында сол ертегі шындыққа айналса ғой» деген арманға иек артасың. Бірақ қайда…

«Еңбек жоғары бағаланса, өзіңе де, өзгеге де арнайтын уақыт сонда көп болар ма еді?!» деп күрсінетіндер көп. Дамыған елдердегідей күндігіне емес, сағатына төленетін болса, қанекей. Жұрттың бәрі нәпақа табу үшін бір емес, бірнеше жерде жұмыс істеп мұрнынан шаншылмас еді-ау…

Ия, уақытты нәпақа табу үшін зыр жүгіртетін жұмыс жеп қояды. Балаларымызды құшағымызға қысып аймалауға, асыл аналарымызды аялауға уақыт тапшы. Кейде тіпті телефон шалғандарға да кіржің ете қаламыз. Жұмыс. Жұмыс. Жұмыс.

Аптаның айналдырған екі күн демалысын да өзімізге арнауға қимаймыз. Той томалақ дайын тұрады. «Тойдан қалдырмасын» деп қоямыз тағы да. Жақын жандарымызға жылулық ұялатуға, жылы сөзімізді арнауға да уақытымыз жоқ. Телефон шалып тұрған жанның бір күндері мың рет қоңырау шалсаң да тұтқаны алмасын сезсең де … амалың жоқ. Күйіп бара жатқан жұмыс уақытты жеп қояды. Үлгеруің керек. Үлгеруге тиіссің. Өйткені адам еңбегі еленбейтін кезең… Адамды құндылық санайтын заман емес. Ол уақыт келем дегенше дүние мың айналар…

«Уақытым жоқ…» деп айтудан шаршамаймыз. Расында солай. Айтамыз. Амалсыз…
Уақытының жоқтығын айтудан жалықпайтын танысым жуырда уақыт өтпейтін жерге барды. Алаяқтығы үшін… «Сағат тілі кісендеп қойғандай алға жылжымайды» дейді ол. Кезінде сәлем бермек түгілі сәлемін алуға ерінетін таныстарының бүгінде сөзін тыңдауға зар. Жан жылулығын сыйлауға уақыт таппаған балалары да бас тартқан. Өкінгеннен бармағын шайнап тастаса да сол «уақыты жоқ» шақтары қайта орала ма?..

Өкінбейікші…

Г.Жұмаш